Астанада «Қазақстан қоғамының бірлігі мен тұтастығын нығайтудағы діннің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті

Астанада «Қазақстан қоғамының бірлігі мен тұтастығын нығайтудағы діннің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті

Астана қаласының Достық үйінде Дін істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен «Қазақстан қоғамының бірлігі мен тұтастығын нығайтудағы діннің рөлі» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шараның өткізудің мақсаты конфессияаралық келісімді сақтау және нығайту болып саналады.

Дөңгелек үстел Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрдаулет Әлмұханов төрағалығымен Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығының, Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің және елордалық діни бірлестік басшыларының қатысуымен өтті.

Мемлекеттік органдардың басшыларымен өткен кеңесте Мемлекет басшысы мына мәселені ерекше атап өткен болатын:

«Этносаралық келісімді нығайту – еліміздің тұрақты дамуының негізі. Бұл маңызды міндетті жүзеге асыру үшін орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті билік, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен жалпы азаматтық қоғам күш біріктіруі қажет. Халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды. Оның ғылыми-теориялық негізін дамыту қажет.

Өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесін назардан тыс қалдыруға болмайды. Шын мәнінде, бұл – өте маңызды мәселе. Оны бетімен жіберсек, ұлттық салт-санамыздан айырылып қалуымыз мүмкін», - деген еді.

Дөңгелек үстелде жиылған жұрт осы мәселені ерекше қозғап өтті.

Дiн мен мемлекеттiң түйiсер жерi – елдiң тұтастығы, қоғамның ауызбіршілігі мен тұрақтылығы. Сондықтан, екi тараптың өзара бiрiгiп əрекет ететін кеңiстiгiн, оның құқықтық тетіктерін уақыт талабына сай айқындап жəне жетілдіріп отырудың маңызы зор. Аталған дөңгелек үстел қоғамдағы конфессияаралық қарым-қатынасты одан әрі жақсарту мақсатында өткізілді.