Нұр-Сұлтанда Халықаралық балаларды қорғау күнінде 80-ге жуық нәресте дүниеге келді

Нұр-Сұлтанда Халықаралық балаларды қорғау күнінде 80-ге жуық нәресте дүниеге келді

1 маусым күнгі кешкі уақытқа дейін Халықаралық балаларды қорғау күнінде қаладағы көпсалалы ауруханалардың акушерлік блоктарында 78 бала, оның ішінде 37 қыз бен 41 ұл бала дүниеге келді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

1 маусымда туған нәрестелер үшін жаздың алғашқы күні қос мереке болды.

Бақытты аналарды қала әкімшілігінің атынан Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов құттықтап, қала әкімі Алтай Көлгіновтің алғыс хаттарын табыс етті.

"Бүгін сіздер үшін шын мәнінде мереке. Сізге осындай сәбилер дүниеге келгені үшін алғыс айтамыз. Балалардың дені сау болып өссін, олардың болашағы жарқын болсын, тек сіздің отбасыңыздың ғана емес, бүкіл елдің мақтанышы болсын", - деп құттықтады Тимур Мұратов.
Сәбилердің аналарына естелік сыйлықтар - серуендеуге арналған арбалар, жаңа туған нәрестелерді перзентханадан шығаруға арналған конверттер және т.б. табыс етілді.

"Бүгін мен үшінші рет ана болдым. Үйде екі ұлым бар. Көптен күткен қыз дүниеге келді. Кішкентай ханшайымға Айлана деген есім бердік", - дейді босанған аналардың бірі.

Мерекелік іс-шара мамандандырылған балалар үйінде де өткізілді. Мекеме тәрбиеленушілерін қала әкімдігінің, қоғамдық қорлардың, басқа елдер елшілігінің өкілдері құттықтады. Қалалық емханаларда аниматорлардың қатысуымен Ашық есік күндері, мерекелік бағдарламалар өтті.