Нұр-Сұлтанда XV қалалық «Шаттық-2022» байқауы басталды

Елорданың сегіз орнында балалар мен жасөспірімдер арасында «Шаттық-2022» XV мерейтойлық қалалық шығармашылық байқауы басталды. Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі М.Өтемісов атындағы Оқушылар сарайында өтті, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальге 8-18 жас аралығындағы жас таланттар қатысып жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша «Шаттық» – бұл ең үздік жас музыканттар, хореографтар, суретшілер, техникалық дизайнерлер ордасы. Бұл байқау жылдар бойы елорданың талантты ұл-қыздарын ғана емес, қаланың үздік педагогтарын да біріктіріп келеді.
«Бүгін ең ірі жоба – шығармашыл балалар мен жастардың мерекесі басталды. Оны көпшілік асыға күтті. Пандемияға байланысты конкурсты бүгінге дейін тоқтатуға мәжбүр болдық. Биылғы жобаның жаңашылдықтарының бірі – «3D-модельдеу» номинациясы және TikTok арнайы сыйлығы. Мұндай трендтік жаңашылдық қазіргі буынның жаңа, танымал қозғалысын ашады деп санаймын. Бұл іс-шараға көрнекті мәдениет және өнер қайраткерлерінен, оның ішінде композиторлардан, әншілерден, профессорлардан, сол сияқты жоғары және орта оқу орындарының оқытушыларынан құралған қазылар алқасы төрелік етеді. Қатысушылардың бәріне сәттілік тілеймін және көрермен болуға барша жұртты шақырамын», – деді елорданың Білім басқармасының Кәмелетке толмағандарды қосымша білім беру және әлеуметтендіру бөлімінің басшысы Гүлфара Сарамбетова.
Фестиваль бір уақытта жанрларына байланысты сегіз жерде өтеді: «Хореография» – М. Әуезов атындағы Оқушылар сарайы, «Аспаптық жанр/жеке орындаушылық» – № 3 балалар музыкалық мектебі, «Аспаптық жанр/ансамбльдер» – №16 орта мектебі, «Вокалдық жанр/жеке орындаушылық» – № 1 балалар музыкалық мектебі, «Вокалдық жанр/ансамбльдер» – Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы, «Хор» – № 4 мектеп-гимназия, «Театр өнері» – Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы, «Фотография», «3D – модельдеу» жанры – №49 орта мектеп. Іс-шара жеті күнге созылады.
Биыл фестивальге елорданың 115 білім беру ұйымынан 4 мыңнан астам бала қатысады. Балалар мен жасөспірімдер арасындағы «Шаттық-2022» шығармашылық байқауының қорытындысы бойынша Қазақстандағы балалар жылына арналған «Балалық шақ – басты назар» ұранымен гала - концерт өтеді. Концерт жоғары марапаттарға ие болған қатысушылардың көркемдік деңгейі мен шеберлігін көрсетеді. Оның барысында 50 алтын, 70 күміс, 90 қола мүсін және түрлі дипломдар үздіктерге табысталады.
«Шаттық-2022» гала-концертінің ерекшелігі – елорданың ашық диалогының бірегей алаңына айналдыру идеясы болмақ. Онда өскелең ұрпақ басты спикерлер ретінде қатысады.