Елорданың Достық үйінде Халықаралық әйелдер күніне орай қайырымдылық іс-шарасы өтті

Нұр-Сұлтан қаласының Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен «Ахыска» түрік этномәдени орталығы Достық үйінде зағип әйелдерге арнап, мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Іс-шара Халықаралық әйелдер күніне орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
«Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің қалалық бөлімшесінің төрағасы Ерғали Бұхаров ұйымдастырушыларға ықылас білдіріп, нәзік жандыларды құттықтағаны үшін алғыс айтты.
«Бірлестігіміздің құрылғанына жетпіс жылдан астам уақыт болды. Қатарымызда түрлі жастағы 500-ден астам адам бар. Олар әртүрлі іс-шараларға белсенді қатысады. Бүгін, 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні қарсаңында құттықтап, көңіл бөлгендеріңіз үшін алғысымды білдіргім келеді», – деді ол.
«Қарапайым жандардың рухани құндылықтарына осылай көңіл бөлінгені өте маңызды, бұл қоғамға оң әсер етеді. Өмірдің қандай қиындықтарына тап болсаңыздар да, мойымай, әрдайым құлпырып жүре беріңіздер. Біз Сіздермен ылғи да біргеміз және қандай жағдай болмасын қолдаймыз. Сіздерді Халықаралық әйелдер мерекесімен құттықтаймын», - деді «Ахыска» түрік этномәдени орталығының төрағасы Әскер Пириев.
Зағип жандар арасында мәдениет, шығармашылық, спорт салаларында жетістіктерге жеткен әйелдер аз емес.
Нұр-Сұлтан қаласының «Қазақ зағиптар қоғамы» құрған музыкалық ұжым өз шеберлігін көрсетіп, қонақтарды өнерімен тәнті етті.