МӘМС: елордада көрсетілген стоматологиялық қызметтер саны 50%-ға өсті

МӘМС: елордада көрсетілген стоматологиялық қызметтер саны 50%-ға өсті

Стоматологиялық көмек – отандық денсаулық сақтау саласының сұранысқа ие бөлігі. Өткен жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша, 2020 жылға қарағанда, бір жарым есе көп стоматологиялық қызмет көрсетілді. Аталмыш қызметтер (5,9 миллион қызмет) негізінен 17 жасқа дейінгі балаларға көрсетілген. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін іске қосу балалар мен жүкті әйелдерге жоспарлы стоматологиялық көмекті тегін алуға мүмкіндік берді, ал шұғыл жағдайларда зейнеткерлер, көпбалалы аналар, мүгедектер, оларға күтім жасайтын жұмыссыздар, АӘК алушылар, сондай-ақ белгілі бір аурулармен есепте тұрған пациенттер де тегін стоматологиялық көмек ала алады.

«МӘМС жүйесінің іске қосылуының арқасында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап халықтың тиісті санаттары үшін белгілі бір стоматологиялық қызметтер қолжетімді болды. Жүйе енгізілген алғашқы жылы 6,8 млн қызмет көрсетілді. Бір жылдан кейін МӘМС бойынша стоматологиялық көмекті тұтыну бір жарым есеге – 10 млн қызметке дейін өскені байқалады. Стоматологиялық көмекті қаржыландыруды арттыру оған мұқтаж пациенттерді көп қамтуға мүмкіндік берді. Бұл ретте талдау көрсеткендей, стоматологиялық қызметтер негізінен 17 жасқа дейінгі балаларға көрсетілген», - деп атап өтті Қор сарапшылары.

Қор сарапшыларының түсіндіруінше, стоматологиялық көмек пациенттің медициналық ұйымды еркін таңдауы негізінде көрсетіледі, яғни ол үшін учаскелік дәрігердің жолдамасы талап етілмейді. Қызметтерді алу үшін Қормен келісімшарты бар жеке стоматологиялық клиниканы таңдауға немесе өз емханаңыздың стоматологиялық кабинетіне жүгінуге болады.

Еліміз бойынша 600-ден астам медициналық ұйым МӘМС бойынша стоматологиялық қызмет көрсетеді.

МӘМС бойынша стоматологиялық көмекті кімдер ала алады?

МӘМС пакеті бойынша жоспарлы стоматологиялық көмек балалар мен жүкті әйелдер үшін қарастырылған.

Шұғыл стоматологиялық көмекті азаматтардың мына санаттары ала алады:

- 18 жасқа дейінгі балалар;

- жүкті әйелдер;

- ҰОС қатысушылар және оларға теңестірілген тұлғалар;

- I, II, III топтағы мүгедектер;

- «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар;

- атаулы әлеуметтік көмек алушылар;

- жасы бойынша зейнеткерлер;

- жұқпалы және әлеуметтік маңызы бар және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар;

- ерекше қажеттіліктері бар балаға немесе бала кезінен I топтағы мүгедекке күтім жасайтын жұмыс істемейтін қазақстандықтар.

Егер сізде стоматологиялық көмек алуға қатысты сұрақтар туындаған болса, сіз әрбір медицина ұйымында бар Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне аласыз. Егер жағдайды сол жерде шешу мүмкін болмаса, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтінішті өзіңізге ыңғайлы байланыс арнасы бойынша қалдыруға болады: fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot.

Қызмет бағыты