Би, йога, спорт: елордалық зейнеткерлер бос уақытын қалай өткізеді

Зейнет жасы сүйікті ісіңмен айналысуға еш кедергі емес, дейді елорданың 60 жастан асқан белсенді тұрғындары. Аға буынның кейбір өкілдері бимен, жаттығумен айналысудан немесе хормен ән айтудан жастардан қалыспайды. Халықаралық қарттар күнінде мұндай белсенді азаматтар зейнетке шыққаннан кейін бос уақытын қалай өткізетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.
Зейнеткер Елена Кассиди өзін қартайып қалдым деп сезінбейді, тіпті олай деп айтуға мүлдем тыйым салады. Оның кестесінде - спорт, би, хор бар. Бір жақсысы, мұның бәрі оған және басқа да зейнеткерлерге белсенді ұзақ өмір сүру орталығында қолжетімді. Елена көп жылдан бері əн айтады жəне зейнет жасы оның сүйікті ісімен айналысуға кедергі емес.
«Мен орыс халық хорында ән айтамын. Бізде бұлбұл дауысты таланттар бар. Мұндай орталықтың бар екеніне қуаныштымыз. Қойылымдар дайындаймыз, бір орында отырмаймыз, өмір қайнап жатыр. Мұнда спорттық үйірмелер де бар», - деді елордалық Елена Кассиди.
Қабай Адамшарыұлы 75 жаста, спортпен тұрақты түрде айналысады және бимен шұғылданады.
«Мен достарыммен бірге ұзақ өмір сүру орталығында орналасқан спорт залында айналысамын. Біз мұнда күн сайын келеміз. Сондай-ақ биге қатысамыз. Жас кезімізде қалай билегенімізді еске алған өте қызық. Бүгінгідей мерекелерде өнерімізді көрсету үшін концерттерге би бағдарламаларын дайындаймыз», – деді зейнеткер Қабай Адамшарыұлы.
Сүйікті ісіңмен айналысу екінші тынысыңды ашады, дейді зейнеткерлер. Сондықтан, өзгелерге де жаныңа рахат сыйлайтын кәсіпті табуға және жасына қарамастан жалғастыра беруге кеңес береді.
Айта кету керек, ұзақ өмір сүру орталығында 15 үйірме жұмыс істейді, онда қарт адамдар тегін айналыса алады.
«Орталығымызда 15 үйірме ашылды. Бұл скандинавиялық жүріс, теннис, компьютерлік курстар, қазақ, ағылшын және т.б. Келушілеріміз түрлі үйірмелерге қатысады. Мысалы, шахматқа 25-ке жуық адам, ал домбыраға 6-7 зейнеткер келе алады. Күніне шамамен 50 адам. Дәрістерімізге айына 3 мыңнан астам адам қатысады», – деді орталық менеджері Зульфия Қабидуллинова.