Астанада ата-аналарға күзгі демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі ескертілді

Астанада ата-аналарға күзгі демалыс кезіндегі балалардың қауіпсіздігін сақтау мәселесі ескертілді

Астанада мектеп оқушылары 26 қазан мен 2 қараша аралығында күзгі демалыс уақытын өткізеді. Осыған байланысты елорданың Бала құқықтарын қорғау басқармасы үндеу жасап, ата-аналар мен заңды өкілдерге балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлуге шақырды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Баланың қауіпсіздігі ересектердің көңіл бөлуі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осыған орай басқарма негізгі қауіпсіздік ережелерін еске салды:
1. Үйдегі қауіпсіздік. Кішкентай балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Дәрі-дәрмекті, сіріңкені және тұрмыстық химия заттарын балалардың қолы жетпейтін жерге қойыңыз.
2. Жолдағы қауіпсіздік. Жол қозғалысы ережелерін сақтаңыз. Жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өту қажет.
3. Көшедегі қауіпсіздік. Балаларды ауа райына ыңғайлап киіндіріңіз. Сол сияқты жарықтандырылған жолмен жүріңіз. Бала қайда бара жатқанын ата-анасына міндетті түрде хабарлауы керек.
4. Ашық терезеден абай болыңыз! Балаларды ашық терезенің жанында қараусыз қалдыруға болмайды. Масадан қорғайтын тор баланы терезеден құлап кетуден сақтамайды.
5. Интернеттегі қауіпсіздік. Жеке мәліметтеріңізді бейтаныс адамдарға бермеңіз және күмәнді сілтемелерге кірмеңіз.

Қауіпті жағдайлар туралы ересектерге хабарлау қажет.
Ата-аналар балаларының демалыс уақытындағы жоспарын алдын ала талқылағаны жөн. Атап айтқанда, баланың қайда баратынын, кіммен жүретінін және үйге қай уақытта оралатынын нақтылап алған жөн.

Бала құқықтарын қорғау мәселелері бойынша 111 бірыңғай байланыс орталығына хабарласуға болады. Ақпараттық материалдар басқарманың Instagram әлеуметтік желісіндегі @balaqorgau.astana ресми парақшасында жарияланады.