Астанада 12 мың оқушы Леонардо да Винчи көрмесін тамашалайды

Астанада 12 000 мектеп оқушысы «Леонардо да Винчи – Ренессанс данышпаны» атты ауқымды халықаралық көрмені тегін тамашалайды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Ұйымдастырушылар бұл бастама жастар үшін балалардың қауіпсіздігін, денсаулығын қорғау мен жан-жақты әл-ауқатын басты орынға қоятын маңызды әлеуметтік жоба екенін атап өтті.
Бизнес өкілдерінің қолдауының арқасында мектеп оқушыларына осындай тосынсый жасалды. Бұл ретте, қала басшылығы бірінші кезекте көңіл бөліп отырған жобаны іске асырудың негізгі бағыты – өскелең ұрпақтың кешенді қауіпсіздігі.
Жиынды ашқан елорда әкімінің орынбасары Есет Байкен өскелңе ұрпақтың дамуы – Астананың басты басымдықтарының бірі екенін ерекше атап өтті.
«Қала әкімдігі балалардың жан-жақты қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әрбір бала өзін кез келген қауіп-қатерден қорғалған күйде сезінетін қауіпсіз білім беру және мәдени орта қалыптастыруға ерекше көңіл бөледі. Өсіп келе жатқан ұрпақтың денсаулығына, физикалық және психологиялық қауіпсіздігіне қамқорлық зияткерлік ағартумен қатар жүруі тиіс.
Әлемдік мәдени мұраға қолжетімділік жастардың XXI ғасырда аса қажет креативті ойлау қабілетін дамытуға ықпал етеді. Алайда бұл толық жайлылық пен қауіпсіздік жағдайында ғана жүзеге асуы қажет», – деп атап өтті Есет Байкен.
Жобаның басты меценаты – «Integra Construction KZ» компаниясы. Билеттерді табыстау барысында бас директордың әкімшілік және кадр мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлзада Төлебаева компания үшін бұл жай ғана қайырымдылық емес, жас ұрпақтың болашағы мен қауіпсіздігіне жасалған ұзақ мерзімді инвестиция екенін атап өтті.
«Бұл – біз үшін үлкен бақыт. Балалар – біздің болашағымыз, біздің үмітіміз. Біз балаларымыздың денсаулығы мен олардың болашағы үшін жауаптымыз. Сондықтан біздің компания қала әкімдігімен бірлесіп, балаларға арнап мәдени жоба әзірледі. Бұл бастама балаларымыздың бос уақытын тиімді өткіщу мәселесін шешуге көмектесіп, өнерге, ғылымға және жаңа білімге деген құштарлығын оятатынына сенімдіміз. Әр бала талантты. Бәлкім, дәл осы көрме мектеп оқушыларының бірін болашақта үлкен жаңалықтар ашуға немесе инженерлік серпіліс жасауға шабыттандыратын шығар.
Балаларға осындай мүмкіндік сыйлағанымызға қуанып отырмыз», – дейді Гүлзада Төлебаева.
Кездесудің түйінді сәті салтанатты шара болды: 12 000 шақыру билеті елордалық мектептердің оқушылары мен басшыларына ресми түрде табыс етілді.