Елордада қоғамдық бақылауды күшейту мәселелері талқыланды

Нұр-Сұлтанда IX Азаматтық форум аясында өткен тақырыптық сессия барысында қоғамдық бақылауды күшейту, ҮЕҰ бақылауы арқылы мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыру мәселелері қаралды.
Отырысқа ҮЕҰ басшылары, қалалық әкімдік өкілдері, тексеру комиссиясы, арнайы мониторинг тобы, аудан әкімдіктері мен қоғамдық бақылау саласындағы сарапшылар қатысты.
Қатысушылар қоғамдық мониторингті күшейтуге бағытталған қадамдарды, мемлекеттік деңгейдегі шешімдерді қабылдауға қалың бұқараны тарту бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды, сондай-ақ Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде әзірленген «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасы аясында қолданыстағы заңнамаға енгізілуі қажет түзетулерді талқылады.
«Қазіргі уақытта Қазақстандағы қоғамдық бақылау - «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес келеді. Сонымен қатар бірқатар заңдардың болғанына қарамастан, саладағы жағдай көп көңіл бөлуді қажет етеді. Біздің қоғамдық тыңдауларымыздың 90% экологиялық кодекс шеңберінде өтеді, аудит және мониторинг бойынша нақты шаралар жоқ. Сонымен қатар олардың қашан орындалуы керек екендігі жазылмайды, оны кім орындауға міндетті, ең бастысы шешімдер кеңестік сипатта болады. Менің ойымша, заңнама осы кемшіліктерді түзетуі керек», - деді «Eurasian expert Council» ҚҚ президенті Шыңғыс Лепсібаев.
Естеріңізге сала кетейік, 9-12 қараша аралығында ҮЕҰ мен мемлекеттік органдардың қатысуымен бірлескен ұсыныстар әзірлеу үшін тақырыптық сессиялар өткізіледі. Сонымен, 9 қарашада ҮЕҰ мен ПИК арасындағы өзара іс-қимыл мәселелері қаралды, ал 10 қарашада мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты қалыптастыру мәселелері талқыланды. 12 қарашада «Бюджетке қатысу» жобасына арналған жұмыс тобын өткізу жоспарланған.
Айта кетейік, диалог алаңдары Азаматтық бастамалар орталығының базасында барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіледі.
Нұр-Сұлтан қалалық IX Азаматтық форумы 17 қарашада елорда әкімі Алтай Көлгіновтің қатысуымен өтеді.
Форум азаматтық сектор, мемлекеттік органдар, бизнес құрылымдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар қауымдастығы арасында ашық диалогты дамытуды мақсат етеді.