Нұр-Сұлтанда қоғам қайраткері Бақытбек Смағұлдың үш томдық шығармаларының тұсауы кесілді

Мәжіліс депутаты, Qazaqstan Ardagerleri Қауымдастығының төрағасы, Nur Otan партиясы Фракциясының мүшесі Бақытбек Смағұлдың қазақ және орыс тілдеріндегі 3 томдық шығармалары жинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараға кітаптардың бірінің басты кейіпкерлері – Ауған соғысының ардагерлері Байғали Қоқымбаев, Әлімжан Ерниязов, Габиль Халафов қатысып, сөз сөйледі.
Бақытбек Смағұл шығармаларының барлық үш томы да ұлттық рухтың ұстыны – батырларға арналған.
Шығармалар жинағының І-ші томы – Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына қатысты зерттеулер.
ІІ-ші томда автор Борис Керімбаев туралы ой толғайды, сыр шертеді. Автор отаншыл асқақ рух, мемлекетшіл биік сана, соғыс пен бейбітшілік жайында өз пайымдарын ортаға салады.
ІІІ-ші томдағы естеліктер "Үш қырлы жебе" деген ортақ атаумен біріктіріліп отыр: онда Бақытбек Смағұл Ауған соғысының үш алыбы, атап айтқанда, Байғали Қоқымбаев, Әлімжан Ерниязов, Габиль Халафов сияқты қарулас достары өзі көрген соғыстың үлкен мектебінен өткен, қан майданның қатал тезінде сыналған үш арыстың былайғы жұртшылық біле бермейтін, бірақ Ауған соғысында аңызға айналған ерен ерліктерін суреттейді.
"Бүгінгі таңда жастар арасында өзекті мәселенің бірі - жауынгерлік тәрбие ақсап тұр. Сондықтан батырларымыздың ерлігі ұмытылмасын, ұрпаққа өнеге болсын деген ниет. Тек әскери саладағылар ғана емес, онымен барша қазақстандықтар сусындауы керек деп ойлаймын. Батырларымыз өмірден өтсе де Қазақстанға, Қарулы күштерге сіңірген еңбектері бар. Жастар тыныштық пен тұрақтылықтың қадірін білсін", - дейді автор.
Шығармалар жинағының І-ші томы – Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына қатысты зерттеулер.
Айта кетейік, кітаптар Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен "Сардар" баспа үйінде басылып шықты.