«Астана – есірткісіз қала»: елордада әскери қызметшілер арасында нашақорлықтың алдын алу акциясы өтті

Елордадағы ҚР Ұлттық ұланының 6636 әскери бөлімінде «Астана – есірткісіз қала» атты спорттық іс-шара өткізілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Акция әскери қызметшілер арасында нашақорлықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды.
Жиын барысында Ұлттық ұлан сарбаздары эстафета мен командалық жарыстарда бақ сынады. Сондай-ақ әскери қызметшілер саптық және күштік дайындық бойынша, қолма-қол ұрыс пен өзін-өзі қорғаудан көрсетілімдер жасады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл спорттық іс-шара нашақорлықтың алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған.
Еске сала кетсек, «Заң және тәртіп» қағидаты аясында елордада нашақорлыққа қарсы айлық басталған болатын. Кешенді шаралар аясында бірлескен рейдтер өткізу, оқу орындарында профилактикалық әңгімелер жүргізу, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау және жою жұмыстары көзделген.
#законипорядок #заңжәнетәртіп