Есірткіге тәуелділік ВИЧ жұқтыруға әкелуі мүмкін: елордалық мамандар не дейді

Есірткіге тәуелділік ВИЧ жұқтыруға әкелуі мүмкін: елордалық мамандар не дейді

Қазіргі уақытта есірткінің таралуы мен нашақорлық мәселесі тек елімізде ғана емес, бүкіл әлемде алаңдаушылық тудыруда және жағдай барған сайын ушығып барады. Ең үлкен қауіпке жастар ұшырайды. Нашақорлықтың ауыр зардаптары туралы Астана қаласы ВИЧ инфекциясының алдын алу орталығының дәрігер-эпидемиолог көмекшісі Виктория Булашева айтты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Маманның айтуынша, жастар есірткіге тәуелді болмаса да, психоактивті заттарды уақытша тұтыну кезінде ең осал топқа айналады. Есірткіге мас күйінде олар не істеп жатқанын түсінбейді. Есірткіге деген теріс әуестік қоғамды қылмыстандырады.

Ал есірткіні ортақ шприц, ине арқылы қолдану ВИЧ инфекциясы мен гепатиттің таралуына алып келеді.

Орташа нашақордың жасы жыл өткен сайын жасарып барады. Зерттеулерге сәйкес, адам психоактивті заттарды қаншалықты ерте қолданса, тәуелділік соғұрлым жылдам дамиды. Қазіргі таңда көптеген жастар шұғыл профилактикалық көмекке мұқтаж.

Есірткіні тұтынудың ең ауыр зардаптарының бірі ретінде мамандар адамның иммун тапшылығы вирусын (ВИЧ) жұқтыру қаупін атайды. Әсіресе, есірткіні ине арқылы қолданатындар үшін бұл қауіп жоғары. Бір шприцті немесе инені бірнеше адамның қолдануы, сондай-ақ басқа да қорғалмаған әрекеттер (мысалы, есірткіге мас күйінде қорғалмаған жыныстық қатынас) ВИЧ жұқтыру ықтималдығын айтарлықтай арттырады.

Адам есірткіні қаншалықты ұзақ қолданса, ВИЧ және басқа да инфекцияларды (гепатит В мен С, мерез), сондай-ақ созылмалы ауруларды жұқтыру қаупі соғұрлым жоғары болады. Ұзаққа созылған нашақорлық сауығуды қиындатады, емделуге деген ынтаны төмендетеді және көбіне оқшаулануға алып келеді.

Астана қаласы ВИЧ орталығының мамандары жастар арасында кең көлемді ағарту жұмыстарын жүргізуде. Мектептерде, колледждерде, жоғары оқу орындарында ВИЧ/ЖИТС бойынша кеңес беру, дәрістер, тренингтер, акциялар, кездесулер, әңгімелер мен флешмобтар өткізіліп жатыр.

Айта кету керек, ВИЧ қан, шәует, қынаптық шырыш және ана сүті арқылы жұғады. Өз-өзіңізді қорғау үшін:
• бейтаныс адамдармен жыныстық қатынас кезінде міндетті түрде мүшеқап қолдану;
• бөтен адамдардың пайдаланған шприцтерін қолданбау, әсіресе инъекция кезінде;
• қауіп бар жағдайда ВИЧ инфекциясына жүйелі түрде тексерілу;
• алдын ала профилактика қабылдау;
• төтенше жағдайларда кейінгі профилактика жасау қажет.

Сондай-ақ көмек сұраудан қорықпау керек. Астана қаласы ВИЧ орталығы жанындағы «Сенім пункттері» мен «Достық кабинеттерінде» ВИЧ инфекциясының алдын алу, диагностика, сондай-ақ жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың емделуі мен профилактикасы бойынша тегін әрі құпия көмек көрсетіледі.

Еске сала кетейік, «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру аясында елордада нашақорлықтың алдын алу айлығы басталды. Кешенді шаралар бірлескен рейдтерді, оқу орындарында профилактикалық әңгімелер өткізуді, сондай-ақ тыйым салынған заттарды тарататын интернет-ресурстарды анықтау мен жоюды қамтиды.