42500 теңге әлеуметтік көмек алушылардың 92%-дан астамында төлем карталары бар - О. Смоляков

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банктермен бірлесе отырып, халыққа қолдау көрсету және әлеуметтік төлемдер бойынша мемлекет іске асыратын шараларды жедел қолдап жүзеге асыруда. Аталған төлемдерді халықтың тез арада алуы үшін банктер бұл төлемдерді олардың ашылған кез келген банктік шоттарына аударады. Бұл жөнінде бүгін Алматы қ. ОКҚ-та өткен брифингте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков атап өтті.
О. Смоляковтың айтуынша, бүгінде әлеуметтік төлемдер беру мақұлданған азаматтардың жалпы санының 92%-дан астамында төлем карточкалары бар.
«Агенттік Әділет және қаржы министрліктерімен, Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасымен бірлесе отырып, олардың алға қойған шектеу шараларын жою бойынша жұмыстар жүргізді. Өз кезегінде банктер әлеуметтік төлемдер түсетін банктік шоттарға қойылатын өз талаптарын алып тастау шараларын қабылдауда», - деп атап өтті О.Смоляков.
Ол Агенттік пен банктердің банктің филиалдарына бармай-ақ, төлем карточкаларын үйіңізге жеткізуді қоса алғанда, шоттарды қашықтан ашудың алгоритмдерін пысықтағанын айтты.
Қазіргі уақытта 14 қаржы институты: 13 банк және «Қазпошта» АҚ шоттарды қашықтан ашу және банк карталарын жеткізу қызметін ұсынады. «Шотты ашу дереу онлайн- режимде, ал карталарды жеткізу – қысқа мерзімде жүзеге асырылады. Қолма-қол ақшаны 4 банкте төлем картасын пайдаланбай алуға болады, оларға халықтың барлық банктік шоттарының 82%-ы және әлеуметтік төлемдер мақұлданған азаматтардың 84,4%-ы тиесілі», - деді қаржы реттеушісінің өкілі.
«Агенттік банктердің осы бағыттағы жұмысын үйлестіреді, сондай-ақ банктік қызмет көрсетудің қашықтан жұмыс істейтін арналарын пайдалану қажеттілігі бөлігінде кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Шоттарды қашықтан ашу және банк карталарын алу бойынша қызмет көрсететін қаржы институттарының толық тізімі Агенттіктің сайтында, fingramota.kz сайтында, сондай-ақ әлеуметтік желілерде орналастырылған. Банк шотын ашу және жүргізу, ондай шоттан ақша алу немесе аударуды қоса алғанда, әлеуметтік төлемдерге байланысты клиенттердің кез келген операциялары бойынша комиссия алуға жол бермеу туралы банктерге қосымша хабарланған», - деп атап өтті О. Смоляков.
Толығырақ ақпаратты мына телефон бойынша алуға болады:
+7 (727) 2788 121
e-mail: Fingramota@finreg.kz