Қаржы нарығын дамытудың негізгі бағыттары жайында қаржы реттеушісінің басшысы Мәдина Әбілқасымова айтып берді

Қаржы нарығын дамытудың негізгі бағыттары жайында қаржы реттеушісінің басшысы Мәдина Әбілқасымова айтып берді

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Алматыда өтіп жатқан «Cfo Idea exchange & networking» саммитіне қатысты. Өзінің баяндамасына қаржы реттеушісінің басшысы қаржы нарығын дамытудың негізгі міндеттері мен оны дамытудың негізгі бағыттары жайында айтып берді.

Әбілқасымованың айтуынша, Агенттіктің, Үкіметтің және Ұлттық Банктің пандемия кезеңіндегі әрекеттері күйзелістердің экономикаға және қаржы жүйесіне әсерін жеңілдету мақсатында дағдарысқа қарсы шаралар кешенін іске асыруға шоғырландырылды. Дағдарысқа қарсы шаралардың жалпы топтамасы еліміздің ІЖӨ-нің 9%-н құрады, оның 4,3 трлн теңгесі республикалық бюджет қаражатының есебінен және 2,1 трлн теңгесі Ұлттық Банк қаражатының есебінен бөлінді.

«Пандемия мен карантиннің кезекті толқынын ескере отырып Мемлекет басшысы дағдарысқа қарсы жекелеген шаралардың мерзімін ұзартуды тапсырды. 2021 жылғы 1 сәуір – 1 шілде аралығындағы кезеңге экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ субъектілері үшін кредиттер бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі берілді. Енді микро- және шағын бизнес субъектілері үшін төлем мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігі олардың қаржылық жағдайы бағаланғаннан кейін автоматты түрде беріледі. Экономиканың зардап шеккен секторларындағы ШОБ барлық кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6%-ға дейін субсидиялау да 1 шілдеге дейін ұзартылды және зардап шеккен салалардың тізімі ұлғайтылды. Ол үшін бюджеттен қосымша 18,4 млрд теңге бөлінді», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Қаржы реттеушісі басшысының айтуынша, қабылданған шаралардың арқасында дағдарыс салдары қаржы секторына теріс әсер еткен жоқ. Жағымсыз болжамдарға қарамастан, кредиттік портфель оң серпін көрсетті. Экономикаға кредиттер 2020 жылы 5,5%-ға 14,6 трлн теңгеге дейін өсті.

Агенттік Төрағасы ағымдағы жылы банк секторында негізінен кредиттерді берудің жаңартылған процестерін іс жүзіне енгізуге, кепілдердің құнын дұрыс бағалауға және қарыз алушылардың төлем қабілетін талдауға көңіл бөлінетінін жеке атап өтті. Келесі жылы банктердің бизнес-жоспарлау, бюджеттеу процестерін, даму және баға белгілеу стратегияларын қайта қарау күтіледі. ЕОБ, Англия Банкінің тәжірибесі бойынша қадағалап стресс-тестілеудің толыққанды модельдері жасалады, Bottom-up әдісімен стресс-тестілеу өткізу үшін қажетті бизнес-процестер және банктермен өзара іс-қимыл қалыптастырылады. 

«Қор нарығына жеке инвесторларды тартуға Мемлекет басшысының «Халықтық ІРО» бағдарламасын қайта жаңғырту және ұлттық компаниялардың акцияларын, ең алдымен, Қазақстан азаматтары – жеке тұлғаларға сату жөніндегі тапсырмаларын іске асыру ықпал ететін болады. Қор нарығына шығу компаниялардан корпоративтік басқару және жария етілетін есептілік деңгейін арттыруды талап етеді. Осы мақсаттарда Агенттік «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп Ұлттық корпоративтік басқару кодексін қабылдап, енгізеді», - деді Мәдина Әбілқасымова.

Әбілқасымова сақтандыру секторының әлеуетін іске асыру жайында да айтып берді. Болашақта Unit-linked сияқты өнімдерді дамыту күтіледі, бұл Қазақстанның қор нарығында институционалдық инвесторлар ретінде өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардың рөлін арттыруға мүмкіндік береді.

«Жалпы сақтандыру саласын дамыту шараларының ішінен кәсіпкерлік субъектілерінің үшінші тұлғалар алдындағы кәсіби жауапкершілігін міндеттелген сақтандырудың дамуына жағдай жасауды ерекше атап өтуге болады. Егер қазір заңнамада кәсіптік жауапкершілікті сақтандырудың 8 түрі көзделген болса, онда заң жобасы кәсіпкерлердің халыққа қызмет көрсетуі кезінде туындайтын кәсіби тәуекелдер аясын кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді қаржы реттеушісінің басшысы.

Сақтанушылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының кепілдік беруіне жататын сақтандыру сыныптарының тізбесін кеңейту, сондай-ақ клиенттердің сақтандыру ұйымымен келіспеушіліктері бойынша Сақтандыру омбудсманының сотқа дейінгі міндетті реттеуін енгізу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, сақтандыру қызметтерін одан әрі цифрландыру жүзеге асырылатын болады.

Мәдина Әбілқасымова ашық микроқаржыландыру нарығын құру туралы айтты. Нарықты одан әрі дамыту үшін «БЖК-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ШОБ микрокредиттерін портфельдік субсидиялау көзделген. Сонымен қатар, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Бастау Бизнес» жобасы бойынша жаңа бастаған кәсіпкерлерге кредит беру үшін өңірлік МҚҰ құруды көздейтін Қазақстан Республикасының өңірлерінде микроқаржы ұйымдарын дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Орта мерзімді перспективада микроқаржыландыру нарығын дамыту үшін МҚҰ-ны қаржыландыру көздерін кеңейту, жаңа технологиялық шешімдерді қолдану есебінен халықтың микроқаржылық қызметтерге қолжетімділігін арттыру бойынша шаралар қабылданатын болады, сондай-ақ ірі МҚҰ-ны банктерге трансформациялау мүмкіндігі пысықталады.

«Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында Микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша заң қабылданды. Қарыздарды төлеу кезінде қиындықтарға тап болған қарыз алушыларды қолдау үшін проблемалық қарыздарды сотқа дейін реттеудің міндетті рәсімі енгізілуде. Сонымен қатар, борышкерлерді қайта құрылымдау және оңалту, кепіл мүлкі сатылған жағдайда тұрғын үй ипотекалық қарызы бойынша өтелмеген қарызды кешіру шарттарының тізбесі кеңейтілуде. Коллекторлық қызметке арнайы блок арналған. Коллектордың борышкермен өзара әрекет ету тәртібі қатаңдатылды, Агенттіктің коллекторлық қызметті бақылау жөніндегі өкілеттіктері кеңейтілді. Заңнаманың барлық талаптарын орындау үшін жарғылық капиталдың ең аз мөлшеріне қойылатын талаптар енгізілуде», - деді Әбілқасымова.

Сөзін қорытындылай келе, қаржы реттеушісінің басшысы мемлекеттік органдардың және қаржы нарығына қатысушылардың алдында ауқымды әрі еңселі міндеттер тұрғанын атап өтті. Мәдина Әбілқасымова орнықты әрі бәсекеге қабілетті қаржы секторын дамыту үшін бірлесіп жағдайлар жасауға шақырды.