Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының бірінші орынбасары Н.А. Әбдірахмановтың Парламент Сенатындағы Үкімет сағатында жасаған баяндамасы

Фотосурет көзі: Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты

Құрметті Ольга Валентиновна!

Құрметті депутаттар!

 

Сіздерге экономикаға кредит беру нарығындағы жағдай туралы, сондай-ақ бизнес үшін кредиттердің қолжетімділігін арттыру шаралары туралы баяндауға рұқсат етіңіздер.

Қаржы секторының нақты секторды қаржыландырудағы рөлін арттыру орнықты экономикалық даму мен ұлттық экономиканы әртараптандырудың маңызды талабы болып табылады. Мемлекет басшысы қаржы ұйымдарының ресурстарын кәсіпорындарға кредит беруге, ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобаларды іске асыруға белсенді тартуды басым міндеттердің бірі ретінде айқындады.

Осы мақсатпен Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп, бизнеске берілетін кредиттердің қолжетімділігін арттыруға және банктерді қорландыруды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар кешенін іске асыруда.

Кредиттер бойынша мөлшерлемелердің жоғары болуына қарамастан, соңғы 4 жыл ішінде экономикаға берілген кредиттердің орнықты өсуі байқалады. 2021 жылдан бастап экономикаға берілген кредиттер 1,8 есе ұлғайып, 33,8 трлн теңгені құрады.

Бизнеске берілген кредиттер де оң тұрғыдан дамуда. Өткен жылы олар 16,3%-ға өсіп, 13,1 трлн теңгені құрады.

Дара кәсіпкерлерге кредиттер беру өткен жылы 46,6%-ға өсіп, 2,3 трлн теңгені құрады.

Бизнеске жаңа кредиттер беру қарыз қаражатына сұранысты көрсететін маңызды көрсеткіш болып табылады. Өткен жылы бизнеске берілген жаңа кредиттердің көлемі 17,2%-ға өсіп, 18,2 трлн теңгені құрады.

Банктерден кредит алған корпоративтік кәсіпкерлік субъектілерінің саны айтарлықтай өсті. 2024 жылы олардың саны 20,3%-ға өсіп, 534 мың субъектіні құрады. Нәтижесінде, олардың бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің құрылымындағы үлесі 2020 жылғы  4%-дан өткен жылы 26%-ға дейін ұлғайды.

Экономика салалары бойынша, банктер кредиттерінің үлесі басым. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, бизнеске берілген кредиттердің жалпы көлемінде банктердің үлесі 82%-ды құрады. Квазимемлекеттік сектор субъектілерінің үлесі 18% болды. Бұл ретте банктер кредиттерінің барынша жоғары үлесі құрылыс пен саудада 99%-дан астам, көлік пен байланыста 82%-дан астам, өнеркәсіп саласында ол 70%-ды, ал ауыл шаруашылығында 50%-ды құрады.

Бизнеске кредит беруді кеңейту үшін Агенттік банктер үшін қажетті реттеушілік ынталандыруды қамтамасыз етуде.

Шағын және орта бизнеске кредит беру әлеуетін кеңейту шараларының бірі – банктің капиталына жүктемені азайту. Осыған байланысты, 2026 жылға дейін шағын және орта бизнес қарыздары және синдикатталған кредиттер бойынша тәуекел-саралау коэффициенті 50%-ға дейін төмендетілді. Бұл банктердің 127 млрд теңге көлеміндегі капиталын босатуға мүмкіндік берді, сондай-ақ шағын және орта бизнеске жаңа қарыздар беру үшін банктердің капиталын 1,5 трлн теңгеден астам сомаға ұлғайтты.

Сонымен бірге, шағын және орта бизнес субъектілері үшін кредиттердің қолжетімділігін арттыру үшін Агенттік олардың кредит қабілеттілігін бағалаудың жеңілдетілген тәртібін енгізді. Бұл тәртіп 500 млн теңгеге дейінгі кредитті алған кезде қолданылады.

Банктердің кепіл саясатын жеңілдету мақсатында, Агенттік кепілдердің жекелеген түрлерінің өтімділік коэффициенттерін арттырды. Атап айтқанда, жеңіл көліктің кепіл құны 50%-дан 60%-ға  дейін, жабдық бойынша  40%-дан 55%-ға дейін, Мемлекеттік-жекешелік әріптестік және оффтейк келісімшарттарын төлеуге түсетін ақша қаражаты бойынша 0%-дан 50%-ға дейін арттырылды.

Бизнеске жаңа кредиттер беру үшін банктердің өтімділігін босату мақсатында, 2026 жылға дейін өтімді активтерді резервтеу нормативі 1-ден 0,9-ға дейін төмендетілді. Сондай-ақ тұрақты қорландыру коэффициентінің мәні 1-ден 0,9-ға дейін төмендетілді.  Бұл шаралар банктерге 1,6 трлн теңге сомасындағы өтімділікті босатуға мүмкіндік берді.

Бизнеске кредит беруді кеңейтудің тағы бір маңызды бағыты – еншілес шетелдік банктердің рөлін күшейту. Қазіргі уақытта олардың қызметі негізінен бас құрылымдар тарапынан қаржыландырылады. Мұндай қаржыландыру көлемі бұрын нормативтік түрде еншілес банктің меншікті капиталының мөлшерімен шектелді. Шетелдік бас банктерден қаржыландыруды барынша тарту мақсатында, банктің капиталына қатысты сыртқы міндеттемелердің ең жоғары көлемі 3 есе ұлғайтылды.

Биыл Агенттік бизнеске кредит беруді кеңейту үшін қосымша пруденциялық ынталандыру шараларын қабылдауды жоспарлап отыр.

Қазіргі уақытта банктерде валюталық өтімділіктің айтарлықтай көлемі бар. Бизнеске  валютамен кредит беруді кеңейту үшін, валюталық кредиттер бойынша тәуекел коэффициентін 200%-дан 100%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

Шағын және орта бизнес кредиттеріне кепілдік беру тетігін барынша пайдалану бизнесті қаржыландыруды кеңейтудің маңызды шарасы болып табылады. Ол үшін ДАМУ қорының және Қазақстан Даму Банкінің кепілдіктерімен қамтамасыз етілген кредиттер бойынша тәуекел коэффициенттерін 50%-дан 25%-ға дейін төмендету жоспарлануда.

Банктік кредиттердің қолжетімділігін арттыру шеңберінде, мемлекеттік кредиттік-экспорттық агенттіктердің немесе «А»-дан жоғары рейтингі бар жеке сақтандырушылардың сақтандыру шарттарын тұрақты  кепіл ретінде тану жоспарлануда.

Пруденциялық ынталандырудан басқа, Агенттік Үкіметпен және Ұлттық Банкпен бірлесіп синдикатталған кредиттеуді дамыту, қорландыру базасын кеңейту, шағын және орта бизнес субъектілері үшін кредиттердің қолжетімділігін қамтамасыз ету шараларын қабылдауда.

Ірі инвестициялық жобаларға кредит беру үшін өткен жылы синдикатталған кредиттеуді дамытуға арналған заңнамалық түзетулер қабылданды. Бейрезидент-банктер есебінен синдикатқа қатысушылардың құрамы кеңейтілді және халықаралық құқық қағидаттарында синдикатталған қарыз шартын жасауға жағдайлар жасалды.

Синдикатталған кредиттеуді іске асыру үшін, Бәйтерек холдингінің базасында Басқарушы жобалық кеңсе құрылды.  Оған Ұлттық экономика министрлігі, Ұлттық Банк, Агенттік және банктер қатысады. Инвестициялық жобалар пулы 6 трлн теңгеден астам болды, құны 835 млрд теңге сомаға 5 жобаны қаржыландыру басталды.

Қазіргі уақытта жобалық кеңсенің құрамына 17 банк кіреді, олардың үлесіне бизнеске берілетін кредиттердің 99,8%-ы тиесілі.

Қорландыру базасының қысқа мерзімді сипатына байланысты, Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп өткен жылы банктерді ұзақ мерзімді қорландыру тетігін әзірлеп, қабылдады. Бұл тетіктің негізгі міндеті – қарыз алушылардың ұзақ мерзімді жобаларына кредит беру мүмкіндігі.

Қаражат банктердің теңгедегі облигацияларды 7 жылға дейінгі мерзімге нарықтық мөлшерлемелер бойынша шығаруы арқылы бөлінеді. Жоспарланған қаржыландыру көлемі – 500 млрд теңге, оның ішінде банктер өткен жылы өнеркәсіп, электрмен жабдықтау және көлік салаларында 72 жобаны кредиттеуге 220 млрд теңге тартты.  Қорландыру тетігін іске асыру жалғастырылады.

Шағын және орта бизнеске кепілсіз кредит беруді дамыту мақсатында, бизнеске кредит беру процесін цифрландыру қамтамасыз етілді. 2023-2024 жылдары банктердің ақпараттық жүйелерін 52 мемлекеттік сервиспен интеграциялау іске асырылды. Биыл банктерді  заңды тұлғалар, дара кәсіпкерлер, мүлік,  кірістер және төленген салықтар бойынша, банкроттық рәсімдерін және басқа да сервистерді қоса алғанда, 15 қосымша мемлекеттік дерекқормен интеграциялау жұмысы аяқталады.

Қабылданған шаралар нәтижесінде бизнеске берілген кепілсіз кредиттер көлемі былтыр 35%-ға ұлғайып, 3,7 трлн теңгені құрады, бұл бизнес кредиттерінің жалпы көлемінен 21%-ды құрайды. 

Соңғы жылдары қарыздарға кепілдік беру тетігінің рөлі өсті. Бұл тетік шағын және орта бизнеске банктерден кредиттерді кепілмен қамтамасыз етусіз алуға мүмкіндік береді.

Жыл сайын Даму қорының кепілдіктеріне сұраныс артуда. 2022 жылы 202 млрд теңге, 2023 жылы – 164 млрд теңге, 2024 жылы – 251 млрд теңге сомасына кепілдіктер берілді.

Шағын және орта бизнес қарыздарына кепілдік беру құралдарын кеңейту мақсатында, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шағын және орта бизнес кредиттері жөніндегі кепілдік қорын құру пысықталуда.

Кепілдік қоры шағын және орта бизнестің 7 млрд теңгеге дейін кредит сомасының 85%-ына дейін өтейтін болады.

Жаңа кепілдік беру жүйесінің қолданыстағы жүйеден басты айырмашылығы – міндетті жарналар төлеу арқылы банктердің Кепілдік қорын қаржыландыруға міндетті түрде қатысуы. Күнтізбелік жарна шағын және орта бизнес кредиттерінің көлеміне қарай есептеледі. Бизнес субъектілері кепілдік бергені үшін 1,5% мөлшерінде комиссия төлейді деп болжануда. Сондай-ақ кепілдік беру жүйесін мемлекеттік қаржыландыру сақталады.

Нәтижесінде, Кепілдік қорын қаржыландыру құрылымында банктердің үлесі 32%-ды. «Даму» қорының үлесі – 32%-ды, бюджеттің үлесі – 29%-ды, шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі – 8%-ды құрайды.

Жаңа тетікті енгізу бизнес субъектілерін кепілдікпен қамтуды едәуір ұлғайтуға ықпал ететін болады. Мысалы, егер 2022-2024 жылдары жыл сайын бюджеттен кепілдіктерді қаржыландыруға орта есеппен 34 млрд теңге бөлінсе, Кепілдік қорының тетігі бойынша жиынтық түсімдер орта есеппен 2,5 (екі жарым) есе ұлғайып, 84 млрд теңгені құрайды (2026-2029 жылдары).

Кепілдік қорын құру үшін Агенттік тиісті заңнамалық түзетулер әзірлеп, Үкіметке енгізді. Түзетулерді Парламент Мәжілісінде қаралып жатқан Қаржы нарығын дамыту және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша заң жобасына енгізу жоспарлануда.

Бизнестің капиталды тартудың балама құралы ретінде қор нарығының маңыздылығы артуда.

Өткен жылы акциялар нарығын капиталдандыру 23,0%-ға ұлғайып, 33 трлн теңгені құрады. Айналыстағы облигациялар көлемі 14 трлн теңгені құрады.

Тартылған акционерлік капитал көлемі 51%-ға өсіп, 50 млрд теңгені құрады. Тартылған борыштық қаржыландыру көлемі 2 есе ұлғайып, 3,7 трлн теңгені құрады.

Акциялар нарығындағы жеке компаниялардың үлесі 50%-ды, облигациялар нарығында 22%-ды құрады. Өткен жылы акциялардың 15 эмитенті және облигациялардың 35 эмитенті қор нарығына  шықты.

Секторды цифрландыру аясында инвесторлық базаның өсуі жалғасуда. Өткен жылдың соңында Орталық депозитарийдің номиналды ұстау жүйесіндегі инвесторлар шоттарының саны 43%-ға ұлғайып, 3,5 млн шотты құрады.

Экономиканың нақты секторы компанияларының қор нарығында капиталды тарту мүмкіндігін кеңейту мақсатында, Агенттік «Кредиттік рейтингтік агенттіктер туралы» заң жобасын әзірледі. Аталған заң жергілікті рейтингтік агенттіктердің қызметін регламенттейді.

Жергілікті рейтингтік агенттік құру нарықты сапалы, объективті және қолжетімді рейтингтік қызметтермен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ облигациялар нарығы арқылы экономиканың нақты секторының субъектілері үшін қаржыландыруды тарту құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, Агенттік инвестициялық қорлар туралы заңнаманы жетілдіруді жоспарлап отыр.

Атап айтқанда, инвестордың біліктілігіне қарай инвестициялық қорлардың санаттарын кеңейту жоспарлануда. Қорлар екі санатқа бөлінеді – бағалы қағаздарға инвестициялау қорлары және баламалы инвестициялау қорлары. Бұл ретте баламалы инвестициялау қорларына қолжетімділік білікті инвесторларға ғана берілетін болады.

Бұдан басқа, инвестициялық қорларды құрудың ұйымдық-құқықтық нысандарын кеңейту жоспарлануда. Құрылтайшылар кез келген нысанда, оның ішінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік, коммандиттік және қарапайым серіктестік қорларын ашу мүмкіндігіне ие болады.

Баламалы инвестициялау қорлары туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін арттыру мақсатында, уәкілетті органда есептік тіркеу және ақпаратты жария ету жөніндегі талаптар енгізілетін болады.

Қорытындылай келе, бизнесті қаржыландыруды реттеу тетіктерін жетілдіру экономиканы мемлекеттік қаржыландырудан жеке қаржы институттарымен қаржыландыруға ауысуына тікелей ықпал ететінін атап өткен жөн.

Осыған орай, депутаттардың ұсынылып отырған заңнамалық бастамаларды қолдауы нақты секторды қаржыландыру, бизнес үшін несиелердің қолжетімділігін арттыру мәселелерін шешу үшін қажетті құқықтық негіз болады және экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз етудегі қаржы секторының рөлін күшейтеді.