ҚНРДА Бағалы қағаздар нарығы департаментінің директоры А.Б Дәулетбақтың ОКҚ алаңындағы брифингте жасаған баяндамасы

Қазіргі таңда қаржы саласында компаниялардың, мемлекеттердің міндеттемелерінің және қаржы құралдарының сенімділігін бағалауда рейтингтік қызметтер маңызды рөл атқарады. Олар инвесторларға ақпаратпен негізделген шешім қабылдауға, реттеуші органдарға нарықтың ашықтығын қамтамасыз етуге, ал бизнеске қолайлы шарттармен қаржы тартуға мүмкіндік береді.
Әртүрлі бағалауларға сәйкес, әлемдік рейтингтік қызметтер нарығында халықаралық рейтинг агенттіктерінің, яғни Moody's, Fitch және Standard & Poor's компанияларының үлесі 90-95%-ды құрайды екен.
Қазақстанда да ұқсас жағдай байқалады: осы агенттіктердің ресми деректерге сәйкес, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 75 отандық компанияның 101 кредиттік рейтингтері болған. Ірі компанияларда бірнеше агенттіктердің рейтингтері бар. Олардың ішінде: 25 – Moody's компаниясы, 42 – Fitch, ал 34 – Standard & Poor's компаниясы берген.
Осылайша, қазіргі уақытта Қазақстандағы рейтингтік қызметтер нарығы үш қана халықаралық рейтинг агенттіктерімен толықтай дерлік қамтылған. Олардың үлестері, сәйкесінше, 25%, 42% және 34% құрайды. Бұл елімізде рейтингтік қызметтер нарығының өте жоғары шоғырланғандығын көрсетеді.
Осы нарықтың дамуын тежейтін бірнеше негізгі факторлар бар. Атап айтатын болсақ, олар:
- біріншіден, кредиттік рейтинг агенттіктерінің қызметін реттеудің болмауы;
- екіншіден, жергілікті рейтингтік агенттіктерді құру және олардың жұмыс істеуі үшін заңнамалық жағдайлардың болмауы;
- үшіншіден, қазақстан компаниялары үшін, әсіресе орта бизнес үшін рейтинг алу бағасының қымбат болуы және шектеулі қолжетімділігі.
Осыған орай, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, кредиттік рейтинг агенттіктерінің қызметін реттейтін заң жобасын әзірледі.
Заң жобасында бірнеше халықаралық ұйымдардың ұсыныстары ескерілді. Мысалға, IOSCO - Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының стандарттары. Ол кредиттік рейтингтік агенттіктер үшін кәсіптік мінез-құлықтың негізгі қағидаттарын айқындайды және бағалы қағаздар нарығын реттеу мақсаттарын белгілейді.
Сондай-ақ, Базель банктiк қадағалау комитетінің талаптары қарастырылды. Ол Базель II және Базель III шеңберінде кредиттік тәуекелдерді бағалау агенттіктеріне қойылатын біліктілік талаптарын айқындайды.
Сонымен қатар, Еуропалық Одақтың рейтингтік қызметтерге қатысты директивалары да ескерілді.
Заң жобасы рейтинг агенттіктерінің жұмысының негізгі қағидаттарын қамтамасыз етуге бағытталған. Олар: объективтілік, тәуелсіздік, ашықтық, ақпаратты жария ету, ресурстардың жеткіліктілігі, агенттіктердің қадағалануы мен есептілігі.
Бұл заң жобасы Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында әзірленген. Оның қабылдануы елімізде тәуелсіз рейтингтік бағалау институтының дамуына жағдай жасайды, бұл өз кезегінде, қор нарығы арқылы бизнесті қаржыландыру механизмдерін кеңейтеді.
Ары қарай, заң жобасының негізгі ережелері бойынша нақтырақ ақпаратпен бөлісу үшін сөзді әріптесім Мамажанов Әділ Асқарұлына беремін.
Заң жобасының негізгі ережелері
Осы контексте ұсынылатын заң жобасында кредиттік рейтингтік агенттіктерді реттеуге кешенді тәсіл көзделеді. Оның негізінде бірнеше негізгі ереже жатыр:
Біріншіден, мынадай үш санатты қамтитын КРА-ның нақты жіктелуі белгіленеді:
- Халықаралық рейтингтік агенттіктер - ЭЫДҰ (Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) елдерінің қаржы реттеушілері таныған және бірнеше юрисдикцияда жұмыс істейтін агенттіктер.
- Шетелдік рейтингтік агенттіктер - Қазақстаннан тыс жерде тіркелген және біздің реттеушіміз таныған агенттіктер.
- Жергілікті рейтингтік агенттіктер (ЖРА) – Қазақстанда акционерлік қоғам нысанында тіркелген, акционерлерінің құрамында Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі бар ұйымдар.
Екіншіден, ҚНРДА-ның (Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің) функциялары мен өкілеттіктері бекітіледі. Олардың қатарына мыналар кіреді:
- Халықаралық, шетелдік рейтингтік агенттіктерді тану рәсімдерін белгілеу;
- Олардың қызметін қадағалау және белгіленген стандарттардың сақталуын бақылау.
- Мүдделер қақтығысын басқару тетіктерін реттеу.
- Ақпаратты жария ету және корпоративтік басқару жөніндегі талаптарды айқындау.
Күтілетін нәтижелер және заңды енгізудің әсері
Осылайша, осы заң жобасын қабылдау бірқатар оң өзгеріске әкеледі. Атап айтқанда, мынадай бірнеше негізгі нәтижені бөліп көрсетуге болады:
- Халықаралық ойыншылармен тең дәрежеде жұмыс істей алатын бәсекеге қабілетті қазақстандық рейтингтік агенттік құру.
- Шағын және орта бизнесті қоса алғанда, қазақстандық компаниялар үшін рейтингтік қызметтер көрсетудің қолжетімділігін арттыру.
- Корпоративтік облигациялар мен секьюритилендiрілген активтер нарығын дамыту, бұл бизнеске неғұрлым тиімді талаптарда қаржыландыру алуға мүмкіндік береді.
- Біліктілігі жоқ инвесторларды қорғауды қамтамасыз ету, бұл қаржы нарығына деген сенімді нығайтады.
- Халықаралық рейтингтік агенттіктерге тәуелділікті азайту, бұл ұлттық қаржы жүйесінің автономиясын арттырады.
Қорытындылай келе, осы заң жобасын іске асыру Қазақстанның қаржы секторын дамытудағы маңызды қадам болады деп сеніммен айтуға болады. Ол ұлттық экономиканың халықаралық стандарттары мен қажеттіліктеріне жауап беретін кредиттік рейтингтік қызметтер көрсетудің ашық және тиімді нарығын қалыптастыруға мүмкіндік береді.