Зейнетақы жинақтарын басқаруда инвестициялық мүмкіндіктер кеңейеді – Мария Хаджиева

ЗЕЙНЕТАҚЫ АКТИВТЕРІН БАСҚАРУДЫҢ ЖАҢА ТӘСІЛІ
Қазіргі уақытта жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтеріндегі үлесі (65,1 млрд теңге) ҚР Ұлттық Банкіне (22,5 трлн теңге) қарағанда айтарлықтай аз және шамамен 0,3%-ды құрайды. Осыған байланысты нарыққа кәсіби қатысушылар зейнетақы активтерін жеке басқаруға беру жөніндегі өнімнің тартымдылығын арттыру және зейнетақы активтерін басқару кезінде икемділікті арттыру мақсатында зейнетақы активтерін басқару жүйесін қайта қарау бойынша жаңа тәсілдерді ұсынды. Осы тәсіл аясында нарыққа қатысушылар әлемдік стандарттарға сәйкес кірістіліктің нарықтық көрсеткіштерін ескеруді ұсынды.
Ұсынылған тәсіл басқарушы компаниялар алатын зейнетақы активтерінің кірістілігі мен нарықтық көрсеткіш — әр портфель үшін композиттік индекс негізінде кірістіліктің ең төмен көрсеткіші арасындағы теріс айырманы өтеу жүйесін өзгертуді көздейді. Бұл композиттік индекс қазақстандық және жаһандық қор нарықтарының индекстерін қамтиды, бұл зейнетақы активтерін инвестициялау үшін мүмкіндіктерді кеңейтеді және активтерді халықаралық басқарушыларға бағытталған стратегияларды қолдануға мүмкіндік береді.
Жаңа тәсіл аясында салымшылар әр түрлі басқарушылардың түрлі стратегияларын таңдай алады, олардың әрқайсысы белгілі бір тәуекел деңгейіне, кірістілікке және инвестициялау кезеңіне ие болады. Бұл басқарушыларға салымшының қалауы мен тәуекел бейініне сәйкес келетін әртүрлі инвестициялау стратегияларын жасауға мүмкіндік береді.
КІРІСТІЛІКТІҢ ЕҢ ТӨМЕН ДЕҢГЕЙІН ҚАЙТА ҚАРАУ
Қазіргі уақытта кірістілікті есептеу барлық инвестициялық портфельді басқарушылар (ИПБ) бойынша орташа алынған шамаға негізделген. Бұл ең көп активі бар ИПБ-нің жалпы кірістілікке көбірек әсер етуіне әкеп соғады, ал бұл әрқашан жеке портфельдердің нақты жай-күйін көрсете бермейді.
Бұдан басқа қысқа мерзімді перспективада қолданылатын кірістіліктің теріс айырмасын өтеудің қолданыстағы жүйесі активтерді неғұрлым икемді және тиімді басқару мүмкіндіктерін шектейді. Бұл тәсіл көбіне басқарушы компанияларды ұзақ мерзімді инвестициялардан жоғары кіріс алу мүмкіндігін шектейтін консервативті стратегияларды қолдануға мәжбүрлейді.
Осылайша, жаңа тәсіл жүйенің икемділігін арттыруға және зейнетақы активтерін инвестициялауды жақсартуға бағытталған, сонымен қатар салымшылардың мүдделеріне сәйкес келетін және нарықта бәсекеге қабілетті жағдай жасайтын инвестициялық портфельді басқарушылар арасында түрлі инвестициялау стратегияларын ескеретін болады.
КІРІСТІЛІКТІҢ ЕҢ ТӨМЕН ДЕҢГЕЙІНЕ ЖАҢА ТӘСІЛ ӘЗІРЛЕУ
2023 жылы Агенттік жанынан жұмыс тобы құрылды, оның құрамына Агенттіктің, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының және зейнетақы активтерін басқарушылардың өкілдері кірді. Жұмыс тобы бенчмарктің нарықтық көрсеткіштеріне негізделген жаңа тәсілді әзірледі. Осы тәсілді іске асыру шеңберінде кірістіліктің ең төмен деңгейін қайта қарау жөніндегі НҚА әзірленді.
Қазіргі күні НҚА жобасы жария талқылау кезеңінен өтті және уәкілетті мемлекеттік органдармен келісу сатысында және келісудің барлық тиісті рәсімдерінен өткеннен кейін бекітіледі.
КОМПОЗИТТІК ИНДЕКС
Жаңа тәсіл шеңберінде әр түрлі жаһандық индекстерді, сондай-ақ қазақстандық акциялар мен мемлекеттік бағалы қағаздар индекстерін қамтитын композиттік индекс белгіленетін болады. Тиісінше, зейнетақы активтерін инвестициялау кезінде ИПБ осы индекстерге кіретін облигацияларды, акцияларды, мемлекеттік бағалы қағаздарды, сондай-ақ осы жаһандық индекстерге ETF сатып алу мүмкіндігіне ие болады. Борыштық бағалы қағаздар бойынша кредиттік рейтинг инвестициялық рейтингтен (BBB -) төмен болмауға тиіс. Жаһандық индекстерге кіретін құралдар валютада номинирленгенін ескере отырып, шетел валютасына инвестициялау лимиттерін ұлғайту жоспарлануда.
ИПБ жоғарыда аталған индекстерге кіретін құралдарды біріктіре отырып, өз инвестициялау стратегияларын әзірлей алатынын атап өткім келеді. Зейнетақы активтерін инвестициялауды ИПБ таңдалған инвестициялық стратегияның ерекшелігін ескере отырып жүзеге асырады.
Бұл ретте, зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелінің номиналды кірістілігі мен кірістіліктің ең төменгі деңгейі арасындағы теріс айырманы ИПБ-ның меншікті капиталы есебінен өтеу бойынша ағымдағы тәсіл өзгермейді.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен зейнетақы активтерін басқарушылар үшін Агенттік меншікті капиталдың жеткіліктілігіне жоғары талаптар белгілегенін, олар басқарудағы зейнетақы активтерінің өсуіне пропорционалды түрде артады.
ЗЕЙНЕТАҚЫ ЖИНАҚТАРЫН ЖЕКЕ БАСҚАРУҒА БЕРУ
Қазақстандықтар өздерінің зейнетақы жинақтарының 50%-ына дейін зейнетақы активтерін басқарушыларға бере алады. Зейнетақы жинақтары жеке басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруындағы барлық салымшыға жаңа тәсілді пайдалану мүмкіндігі беріледі.
Зейнетақы активтерін ИПБ-ның сенімгерлік басқаруға беру үшін салымшы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) басқарушы компанияны таңдау туралы өтініш беруі қажет.
Жоғарыда көрсетілген тәсілдерді іске асыру нәтижесінде қысқа мерзімді аралықтағы номиналды кірістіліктің орташа алынған коэффициентімен салыстырғанда жеке басқарушылар ең төменгі кірістілік көрсеткіші ретінде барынша жоғары кіріске ие композиттік индекстерді қолданған кезде олардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің ұзақ мерзімді кірістілігі ұлғаяды деп күтілуде.
Зейнетақы активтерін басқарушылардың қызметін бағалау кезінде композиттік индекстерге көшу басқарушыларға инвестициялау құралдарын кеңейтуге және әртараптандыруға, активтерді жаһандық басқарушыларға негізделе отырып, зейнетақы активтерін инвестициялау стратегиясын әзірлеуге мүмкіндік береді.
фото дереккөзі: Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты