Биржада бағалы қағаздармен сауда-саттықты жүзеге асыру өлшемшарттарына қатысты Үкімет қаулысын қабылдау туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі «Биржада бағалы қағаздардың сауда-саттығын жүзеге асыру өлшемшарттарын айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 17 қарашадағы № 911 Қаулысына (бұдан әрі – Қаулы) түзетулер енгізді.
Бұрын дивидендтер мен сыйақыларды салық салудан босату мақсатында осы Қаулы бағалы қағаздармен сауда жасау кезінде мынадай өлшемдерді анықтаған болатын:
1) бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер көлемі күнтізбелік айда кемінде 25 миллион теңгені құрайды;
2) бағалы қағаздармен жасалатын мәмілелер саны күнтізбелік айда кемінде 50 мәмілені құрайды.
Түзетулер күшіне енгеннен кейін жоғарыда аталған өлшемшарттарға жаңа өлшемшарт қосылады:
- бастапқы (IPO) немесе қайталама (SPO) жария орналастыруды өткізу немесе орналастырылған бағалы қағаздардың жалпы санынан кемінде 10% еркін айналыста болуын қамтамасыз ету.
Жаңа критерийді іске асыру эмитенттерді халықтың кең ауқымына бағалы қағаздарды сатуға ынталандыру есебінен қор нарығының дамуына оң әсер етеді деп күтілуде.
Бағалы қағаздар эмитенттері инвесторларды көбірек тарту үшін өздерінің бағалы қағаздары бойынша дивидендтерді салық салудан босатуды қамтамасыз ету мақсатында белгіленген өлшемшарттарды сақтауға мүдделі болады.
Үкімет қаулысының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінің сайтында және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында «Құжаттар» бөлімінде танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы