Банктер мен МҚҰ-ның стрестік активтерді сату процесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Сауда-саттыққа қатысушылардың сауда-саттыққа шығарылған мүлікке қатысты ақпаратты жария етуін қоса алғанда, банктік және микроқаржы активтерін сататын электрондық сауда алаңында сауда-саттықты өткізу қағидаларын бекіту туралы» Агенттік Басқармасының 2024 жылғы 28 тамыздағы № 68 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Агенттік Басқармасының қаулысы жобасының (бұдан әрі – қаулының жобасы) әзірленгені туралы хабарлайды.
Қаулының жобасы банктердің және микроқаржы ұйымдарының стрестікактивтерін банктік және микроқаржы активтерін сату бойынша электрондық сауда алаңдарында сауда-саттық өткізу арқылы сату процесін жетілдіру мақсатында әзірленді.
Құжатта сауда-саттық өткізілмеген жағдайда объект сатылуы мүмкін ең төменгі бағаны төмендете отырып, стрестік активтерге қатысты сауда-саттық өткізу жөніндегі талаптарды белгілеу көзделеді.
Объектілерді электрондық сауда алаңында сату процесін жеделдету мақсатында, сауда-саттықты жариялау мен сауда-саттықты өткізу арасындағы, сондай-ақ алғашқы сауда-саттық өтпеді деп танылған жағдайда кейінгі сауда-саттықтар арасындағы мерзімдерді қысқарту ұсынылады.
Құжаттың толық мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында «Құжаттар» бөлімінде танысуға болады.