Сақтандыру нарығын реттеуді жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасын (бұдан әрі – Жоба) әзірлегені туралы хабарлайды.
Жоба ҚР сақтандыру заңнамасының Халықаралық Сақтандыру Қадағалаулары Қауымдастығы – Insurance core principles (ICP) International Association of Insurance Supervisors (IAIS) сақтандырудың негізгі қағидаттарына сәйкестігін бағалау нәтижелері бойынша Дүниежүзілік Банктің ұсынымдарын және ҚР қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарын іске асыру мақсатында әзірленді.
Жобада корпоративтік басқарудың тиісті практикасын қолдану бойынша директорлар кеңесінің жауапкершілігін арттыру көзделген, корпоративтік басқару жүйесіне, аутсорсингке берілетін функцияларға қойылатын талаптар айқындалған, сақтандыру ұйымының сақтандырудың ерікті сыныптары бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асыру үшін клиенттердің өтініштерін қарауының шекті мерзімі белгіленді, сондай-ақ сақтандыру ұйымы ішіндегі клиенттердің өтініштерімен жұмыс күшейтілді.
Жоба шеңберінде корпоративтік хатшыға және тәуекел-менеджмент бөлімшесінің басшысына қойылатын біліктілік талаптары белгіленді.
Solvency II енгізуге дайындық мақсатында сақтандыру ұйымының тәуекелдерді басқару жүйесіне тәуекелдерге негізделген талап етілетін капиталды жыл сайынғы өзіндік бағалау енгізілді.
Жобаның толық мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында «Нормативтік құқықтық база» бөлімінде танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089,