Сақтандыру қызметін реттеу және дамыту мәселелері бойынша қаулы қабылданды

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне сақтандыру қызметін реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Агенттік Басқармасының №83 қаулысын (бұдан әрі – қаулы) қабылдағаны туралы хабарлайды.
Қаулы сақтандыру қызметін реттеуді жетілдіруге және дамытуға бағытталған және келесідей түйінді өзгерістерді көздейді:
- сақтандыру ұйымдарының зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге арнаулы әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыруы үшін зейнетақыға дейінгі аннуитеттік сақтандыру шартын жасасу процесін оңайлату және жеделдету;
- өмірді сақтандыру компанияларының капиталына жүктемені есептеуде қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шарттарын (бұдан әрі – ЖОМС) қосарланған есепке алуды алып тастау;
- ашықтықты арттыру үшін ЖОМС бойынша статистикалық деректерді тек бір көзден – Бірыңғай сақтандыру деректер базасынан пайдалану (2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі);
- білім беруді жинақтаушы өмірді сақтандыру шарты шеңберінде мемлекет сыйлықақыларын есептеудің үздіксіздігін қамтамасыз ету;
- «Астана» халықаралық қаржы орталығының қатысушыларымен қайта сақтандыру шарттарын есепке алуды Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің қайта сақтандырушыларына қойылатын талаптарға ұқсас регламенттеу.
Қаулымен сақтандыру резервтерін қалыптастыруды жетілдіруге қатысты нүктелік түзетулер, сондай-ақ құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша редакциялық түзетулер қарастырылған.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089