Агенттік Басқармасы қаулысының жобасы туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті мөлшерлерін айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының бірлескен қаулысының жобасы (бұдан әрі – Жоба) әзірленгені туралы хабарлайды.
Жобада мыналар бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) шекті мөлшерін белгілеу көзделеді:
- екінші деңгейдегі банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар беретін кепілсіз банктік қарыздар бойынша;
- кепілмен қамтамасыз етілген банктік қарыздар бойынша;
- ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша.
Бұдан басқа, Жобада микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар ұсынатын микрокредиттер бойынша ЖТСМ белгілеу көзделеді.
Сонымен қатар, Жобада республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің қырық бес еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі мерзімге микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар беретін микрокредиттер бойынша ЖТСМ белгілеу көзделеді.
Жобаның толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталынан танысуға болады:
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15141891.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы: +7 (727) 2371089, press@finreg.kz.