2021 жылғы қыркүйектегі Қазақстан Республикасының қаржы секторына шолу

Банк секторы
2021 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 23 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 14 банк шет елдің қатысуымен (банктердің жалпы санынан 60,9%), оның ішінде 11 еншілес банк.
Банк секторының жиынтық активтері 01.10.2021ж. негізінен банктік қарыздардың 3,5%-ға және басқа банктерге орналастырылған салымдардың 19,2%-ға өсуі есебінен 1,3%-ға ұлғайып, 35,56 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бері жиынтық активтердің өсуі 14,1%-ды құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің 12,16 трлн теңгені немесе активтердің 34,2%-ын құрайтын жоғары өтімді активтерінің елеулі қоры бар. Өтімділік қоры банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
2021 жылғы қыркүйекте негізінен клиенттер салымдарының 2,3%-ға өсуі есебінен банк секторының міндеттемелері 1,7%-ға өсті. 2021 жылдың басынан бері міндеттемелердің өсуі 14,7%-ды құрады.
01.10.2021ж. жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар. Негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) – 20,3%, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) – 25%, бұл жүйе бойынша орташа алғанда белгіленген ең төменгі талаптардан айтарлықтай асып түседі.
2021 жылғы қыркүйектің қорытындысы бойынша «АТФБанк» АҚ-тың «Jusan Bank» АҚ-қа қосылуы нәтижесінде банктердің таза пайдасы 12,1 млрд теңгеге төмендеді және 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 924,9 млрд теңгені құрады, бұл 01.10.2020 жылғы көрсеткішке қарағанда 55%-ға артық.
Банктердің экономиканы кредиттеу көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 3,1%-ға ұлғайып, 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 16,96 трлн теңгені құрады. 2021 жылдың басынан бері бұл көрсеткіштің өсуі 16%-ды құрады.
2021 жылғы қыркүйекте заңды тұлғаларға кредиттер 7,37 трлн теңгеге дейін 2,1%-ға ұлғайды, жеке тұлғаларға кредиттер 9,59 трлн теңгеге дейін 3,9%-ға ұлғайды. 2021 жылдың басынан бері заңды тұлғаларға кредиттер 3,9%-ға, жеке тұлғаларға кредиттер 27,5%-ға өсті. 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша теңгемен берілген кредиттердің үлес салмағы 88,6%-ды құрады (2020 жылғы желтоқсанда – 87%).
Ұзақ мерзімді кредиттердің көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 14,62 трлн теңгеге дейін 3,2%-ға ұлғайды, қысқа мерзімді кредиттердің көлемі 2,34 трлн теңгеге дейін 2,2%-ға ұлғайды.
2021 жылғы қыркүйекте жаңадан берілген кредиттердің көлемі 2021 жылғы тамызбен салыстырғанда 3,8%-ға ұлғайып, 1,92 трлн теңгені құрады.
Халықты ипотекалық кредиттеу көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 3,8%-ға ұлғайды және 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 2,91 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бастап осы көрсеткіштің өсуі 22,6% болды.
Азаматтардың тұтынушылық мақсаттарға арналған кредиттері 2021 жылғы қыркүйекте 5,63 трлн теңгеге дейін 3,7%-ға өсті. 2021 жылдың басынан бастап тұтынушылық қарыздар 28,3%-ға өсті.
01.10.2021 жылғы жағдай бойынша банктердің несие портфелінің жалпы көлеміндегі 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздардың үлесі 01.01.2021 жылы 6,9%-дан төмендеп, 4,3% болды. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар қарыздарды провизиялармен өтеу деңгейі 75,2% болды.
Депозит нарығы
Депозиттердің көлемі 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 2021 жылғы қыркүйекте 3,3%-ға ұлғайып, 25,87 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бастап осы көрсеткіштің өсуі 17,1% болды.
Заңды тұлғалардың депозиттері 2021 жылғы тамызбен салыстырғанда 13,49 трлн теңгеге дейін 5,8%-ға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 12,37 трлн теңгеге дейін 0,7%-ға ұлғайды. 2021 жылдың басынан бастап осы көрсеткіштердің өсуі тиісінше 19,4% және 14,6% болды.
Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 3,3%-ға ұлғайды және 01.10.2021ж. жағдай бойынша 16,50 трлн теңге болды, шетел валютасымен депозиттер 9,37 трлн теңгеге дейін 3,3%-ға ұлғайды. 2021 жылдың басынан ұлттық валютамен депозиттер 19,1%-ға, шетелдік валютамен 13,8%-ға өсті. Нәтижесінде долларлану деңгейі 01.01.2021 жылғы 37,3%-бен салыстырғанда 01.10.2021ж. жағдай бойынша 36,2%-ды құрады.
Мерзімді депозиттер көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 3,3%-ға ұлғайып, 17,77 трлн теңге болды. 2021 жылдың басынан бұл көрсеткіштің өсуі 16,3%-ды құрады.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,4% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,3%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 8,3% (2020 жылғы желтоқсанда – 9,2%) болды.
Сақтандыру секторы
01.10.2021 жылғы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторында 27 сақтандыру ұйымы бар, оның ішінде 9 – өмірді сақтандыру бойынша.
2021 жылғы қыркүйекте сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 0,8%-ға ұлғайды және 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 1,72 трлн теңгені құрады. Ұлғаю, негізінен, сақтандыру сыйлықақыларының өсуіне және оларды бағалы қағаздарға инвестициялауға байланысты болды. 2021 жылдың басынан сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 15,6%-ға өсті.
Активтер құрылымында ең көп үлесті (жиынтық активтердің 72,2%-ын) бағалы қағаздар алады - 1,24 трлн теңге, олар 2021 жылғы қыркүйекте 2%-ға ұлғайды. 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша қайта сақтандыру активтері 2021 жылғы қыркүйекте 1%-ға азайып, 74,2 млрд теңгені (жиынтық активтердің 4,3%-ы) құрады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2021 жылғы қыркүйекте 0,5%-ға ұлғайды және 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 998 млрд теңгені құрады. Міндеттемелердің өсуі негізінен сақтандыру резервтерінің ұлғаюы есебінен болды. 2021 жылдың басынан бастап сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 21,5%-ға өсті.
Міндеттемелер құрылымында ең үлкен үлесті (жиынтық міндеттемелердің 85%-ы) 848 млрд теңге сомасында сақтандыру резервтері алады. 2021 жылғы қыркүйекте сақтандыру резервтері негізінен шығындар резервінің ұлғаюы есебінен 0,1%-ға ұлғайды. 2021 жылдың басынан бастап резервтердің өсуі 23,5%-ды құрады.
01.10.2021 жылғы жағдай бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2021 жылғы қыркүйекте 1,2%-ға ұлғайып, 721 млрд теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2021 жылдың басынан бастап 8,3%-ды құрады.
Негізінен сақтандыру қызметінен түскен кірістер есебінен алынған сақтандыру секторының таза пайдасы 2021 жылғы қыркүйекте 13,6 млрд теңгеге ұлғайып, 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 90,7 млрд теңгені құрады.
Сақтандыру (қайта сақтандыру) шарттары бойынша қабылданған сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 45,9 млрд теңгеге ұлғайып, 01.10.2021 жылғы жағдай бойынша 522 млрд теңгені құрады, бұл 01.10.2020 жылғы осы көрсеткіштен 40%-ға артық.
Бағалы қағаздар нарығы
Акциялар нарығы
01.10.2021 жылғы жағдай бойынша акциялар нарығын капиталдандыру 2021 жылғы қыркүйекте 1,8%-ға ұлғайып, 28,9 трлн теңгені құрады. Бұл көрсеткіштің өсуі 2021 жылдың басынан бері 51,9%-ды құрады.
2021 жылғы қыркүйекте акциялармен сауда-саттық көлемі 87,3 млрд теңгені құрап, 2021 жылғы тамыздағы акциялармен сауда-саттық көлеміне қатысты 7,3 есе ұлғайды.
01.10.2021 жылы «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 122 эмитенттің 137 акциясы болды, оның ішінде 4 шығарылым листингтік емес бағалы қағаздар секторында айналысқа жіберілген. Есепті айда KASE ресми тізіміне жаңа акциялар енгізілмеді.
2021 жылғы қыркүйекте KASE индексі 6,7%-ға 3 383,68 тармаққа дейін өсті, 2021 жылдың басынан бері 26,5%-ға өсті.
Облигациялар нарығы
KASE-те саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 2021 жылғы қыркүйекте 5,6%-ға азайып, 14,2 трлн теңгені құрады. Айналыстағы облигациялар көлемінің азаюы қор биржасының ресми тізімінен мемлекеттік емес облигациялардың бірқатар шығарылымдарын алып тастауға байланысты. 2021 жылдың басынан бері саудаланатын корпоративтік борыш көлемі 3,2% -ға төмендеді.
01.10.2021ж. KASE-нің сауда-саттық тізімінде 74 эмитент шығарған 312 корпоративтік облигациялар шығарылымы болды.
KASE-те корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2021 жылғы тамызбен салыстырғанда 1,6%-ға төмендеді және өткен аймен салыстырғанда қайталама нарықтағы мәмілелер үлесінің азаюы есебінен 191,7 млрд теңгені құрады.
2021 жылғы қыркүйекте 97,2 млрд теңге жалпы сомаға облигациялардың 6 шығарылымы орналастырылды, оның 68,2%-ы қаржы секторының компанияларына тиесілі.
Корпоративтік облигациялардың қайталама нарығындағы инвесторлардың негізгі санаттары бөлігінде ЕДБ-ның үлесі 2,7%-ды, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесі – 14,9%-ды, басқа институционалдық инвесторлардың үлесі – 30,3%-ды, өзге заңды тұлғалардың үлесі – 50,4%-ды, жеке тұлғалардың үлесі – 1,7%-ды құрады. Бейрезиденттердің үлесі 8,7%-ды құрады.
Мемлекеттік бағалы қағаздар нарығы
KASE-те сауда-саттыққа түсетін номинал бойынша мемлекеттік борыш сомасы 01.09.2021 жылғы көрсеткішке қатысты 1,2%-ға азайып, 01.10.2021ж. 17,6 трлн теңгені құрады. Мемлекеттік сауда-саттық борыш сомасы 2021 жылдың басынан 5,3%-ға өсті.
2021 жылғы қыркүйек айының қорытындысы бойынша KASE-те мемлекеттік бағалы қағаздармен сауда-саттықтың жиынтық көлемі 2021 жылғы тамызбен салыстырғанда 25%-ға ұлғайып, 215 млрд теңгені құрады.
Қайталама нарықтағы инвесторлардың құрылымында ЕДБ үлесіне 49,7%, брокерлік-дилерлік ұйымдардың үлесіне – 7,4%, басқа институционалдық инвесторлардың үлесіне – 12,3% тиесілі болды, өзге заңды тұлғалардың үлесі 30,3%-ды, жеке тұлғалардың үлесі 0,94%-ды құрады. Бейрезиденттердің қатысуы 7,8%-ға бағаланады.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау
2021 жылғы қыркүйекте қаржы ұйымдарының, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің және бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің іс-әрекеттеріне байланысты жеке және заңды тұлғалардың 1 357 өтініші қаралды.
2021 жылғы қыркүйекте қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша уәкілетті органға келіп түскен өтініштер саны 2,2%-ға өсті. Бұл өтініштердегі негізгі мәселе негізінен банктік қарыз шарттары бойынша міндеттемелерді орындау мүмкіндігінің болмауы, кепіл мүлкін өткізу және Ипотекалық (тұрғын үй) қарыздарын қайта қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде борыш жүктемесін азайту болып табылады.
Өтініштердің ең көп үлесі банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар) тиесілі, ол өтініштердің жалпы санынан 56,5%-ды құрайды. Жалпы сомасы 7,53 млн теңгеге 4 қадағалап ден қоюдың ұсынымдық шарасы, 8 жазбаша ұйғарым және 25 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама бойынша 17 әкімшілік жаза қолданылды.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7 (727) 237-10-90, email: press@finreg.kz
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мына телефонға хабарласыңыз +7 (727) 237 1000