2021 жылғы қаңтардағы қаржы секторына шолу

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ
2021 жылғы қаңтардағы қаржы секторына шолу
- Қазақстанның экономикасы жылдық мәнде (-)4,5%-ға дейін қысқарды. Құрылыс, электрмен жабдықтау, өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы дамудың оң серпінін көрсетті. ОПЕК + келісімі бойынша міндеттемелерді орындау шеңберінде мұнай өндірудің қысқаруына байланысты тау-кен саласы негізгі теріс үлес қосты.
- 2021 жылғы қаңтарда іскерлік белсенділік индексі 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 0,6 тармақшаға төмендеп, 48,4-ті құрады. Көрсеткіштің төмендеуі қызмет көрсету секторы мен өнеркәсіптегі іскерлік белсенділіктің төмендеуімен байланысты. Бұл ретте құрылыс саласында индекстің өсуі байқалды, ол 2021 жылғы қаңтарда 1,6 тармақшаға ұлғайды және 51,1-ді құрады (2020 жылғы желтоқсанда – 49,5).
- Мемлекет басшысы 2021 жылғы 2 қаңтарда қол қойған Экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері жөніндегі заңға сәйкес ел азаматтары тұрғын үй жағдайларын жақсарту, емделу және жеке басқарушы компанияларға басқару үшін өздерінің зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын ала алады.
- 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде микроқаржылық қызметті лицензиялау енгізілді. Лицензияны беру бойынша талаптар, беруден бас тарту, оның қолданысын тоқтата тұру, тоқтату және одан айыру негіздері белгіленген.
- Экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері жөніндегі заңмен зейнетақы аннуитетін ұсыну қағидаларына түзетулер енгізілді. Негізгі жаңалықтар ең төменгі зейнетақыдан 70%-ға дейінгі зейнетақы аннуитеті шарты бойынша ең төменгі төлем мөлшерінің өзгеруі, сондай-ақ сақтанушы 45 жастан бастап ерлер үшін 55 жастан бастап және әйелдер үшін 52 жастан бастап өмір бойғы ай сайынғы сақтандыру төлемдерін алу құқығымен кейінге қалдырған зейнетақы аннуитетін жасасу мүмкіндігіне қатысты болды.
Банк секторы
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының банк секторында 26 екінші деңгейдегі банк бар, оның ішінде 15 банк шет елдің қатысуымен (банктердің жалпы санының 57,7%-ы), оның ішінде 12 еншілес банк.
Ағымдағы жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторының активтері 2021 жылғы қаңтарда 0,4%-ға немесе 126,5 млрд теңгеге ұлғайып, 31 298,9 млрд теңгені немесе ЖІӨ-нің 45%-ын құрады.
Банк секторы активтерінің құрылымында 2021 жылғы қаңтардағы ең үлкен өсу «Бағалы қағаздар портфелі» бабы бойынша 12,8%-ға немесе 850 млрд теңгеге өсу байқалады.
Екінші деңгейдегі банктердің шамамен 15 022 млрд теңгені немесе активтердің 48,0%-ын құрайтын өтімділіктің елеулі қоры бар, олардың 12 890 млрд теңгесі өтімділігі жоғары активтермен ұсынылған. Бос өтімділіктің болуы банктерге өз міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Банк секторының жиынтық міндеттемелері 2021 жылғы қаңтарда 0,2%-ға немесе 54,6 млрд теңгеге ұлғая отырып, 27 272 млрд теңгені құрады. Ұлғаюға клиенттер салымдарының 5,1%-ға немесе 1 044 млрд теңгеге өсуі негіз болды.
2021 жылғы қаңтарда бейрезиденттер алдындағы міндеттемелердің мөлшері 1 016,8 млрд теңге болды (12,4%-ға төмендеу). 2021 жылғы 1 ақпандағы бейрезиденттер алдындағы міндеттемелердің үлесі банк секторының жиынтық міндеттемелерінің 3,7%-ын құрады.
Банк секторы міндеттемелерінің құрылымы негізінен банктердің жиынтық міндеттемелерінің 79,3%-ын немесе 21 639,1 млрд теңгені құрайтын депозиттік портфельмен ұсынылған. Айналысқа шығарылған бағалы қағаздар және басқа банктерден және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан алынған қарыздар сияқты өзге де міндеттемелердің үлесі тиісінше 5,7% және 2,1% болды.
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банк секторының жеткілікті капитал қоры бар. 2021 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 46,3%-ға ұлғайып, 104,3 млрд теңгені құрады (2020 жылғы қаңтарда – 71,3 млрд теңге).
Кредит нарығы
Ағымдағы жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша банктердің кредиттеуінің жиынтық көлемі 2021 жылғы қаңтарда 0,2%-ға азайып, 14 594,5 млрд теңге болды, бұл банктердің жұмыс істемейтін қарыздарды төмендету бойынша жалғасып жатқан жұмысына байланысты.
Заңды тұлғаларға кредиттердің жиынтық көлемі 2021 жылғы қаңтарда 6 994,4 млрд теңгеге дейін 1,4%-ға азайды, шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 2 538,9 млрд теңгеге дейін 0,9%-ға өсті. 2021 жылғы қаңтарда жеке тұлғаларға кредиттер көлемі 7 600,1 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға өсті
2021 жылғы қаңтарда ұлттық валютадағы кредиттердің көлемі 12 760,4 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер 0,8%-ға азайды, жеке тұлғаларға кредиттер 1,0%-ға азайды.
Шетел валютасындағы кредиттер көлемі 1 834,2 млрд теңгеге дейін 3,3%-ға төмендеді. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға кредиттер – 3,3%-ға, жеке тұлғаларға-3,2%-ға төмендеді. 2021 жылғы қаңтар айының соңында теңгемен кредиттердің үлес салмағы 87,4%-ды (2020 жылғы желтоқсанда – 87,0%) құрады. Ұзақ мерзімді кредиттер көлемі 2021 жылғы қаңтарда 12 508,5 млрд теңгеге дейін 0,1%-ға аздап өсті, қысқа мерзімді кредиттер көлемі 2 086,0 млрд теңгеге дейін 2,0%-ға төмендеді. 2021 жылғы қаңтарда жаңадан берілген кредиттердің көлемі 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда 6,9%-ға ұлғайып, 1 132,9 млрд теңгені құрады.
Банктердің экономикаға кредиттерінің неғұрлым елеулі сомасы өнеркәсіп (жалпы көлемдегі үлесі – 13,5%), сауда (11,6%), құрылыс (4,3%) және көлік (3,1%) сияқты салаларға тиесілі.
Халыққа ипотекалық кредит беру көлемі 2021 жылғы қаңтарда 1,7%-ға ұлғайды және 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 2 413,4 млрд теңге болды. Азаматтардың тұтынушылық мақсаттарына арналған кредиттері 2021 жылғы қаңтарда 1,0%-ға өсті және 2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 4 433,0 млрд теңгені құрады. 2021 жылғы қаңтарда жаңадан берілген ипотекалық қарыздардың көлемі 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда 51,5%-ға ұлғайып, 78,0 млрд теңге болды. 2021 жылғы қаңтарда тұтынушылық мақсаттарға жаңадан берілген қарыздардың көлемі 343,6 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда 0,7%-ға төмендеді.
2021 жылғы қаңтарда банктік емес заңды тұлғаларға ұлттық валютамен берілген кредиттер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 11,6% (2020 жылғы желтоқсанда – 11,4%), жеке тұлғаларға – 18,4% (2020 жылғы желтоқсанда – 14,9%) болды.
2021 жылғы қаңтарда 90 күннен аса мерзімі өткен берешегі бар кредиттердің кредиттік портфельдің жалпы көлеміндегі үлесі 6,8%-дан 7,0%-ға дейін (1 077,1 млрд теңгеден 1 091,0 млрд теңгеге дейін) ұлғайды. Жеке тұлғалардың қарыздар портфелінде 90 күннен аса мерзімі өткен берешегі бар қарыздар деңгейі 5,5% (2020 жылғы желтоқсанда – 5,4%), шағын және орта бизнестің қарыздар портфелінде – 11,8% (2020 жылғы желтоқсанда – 11,9%), заңды тұлғалардың қарыздар портфелінде – 7,2% (2020 жылғы желтоқсанда – 5,0%) болды. 01.02.2021ж. жағдай бойынша банктердің несие портфелінің жалпы көлеміндегі мерзімі өткен қарыздардың үлесі 11,5% немесе 1 793,4 млрд теңге (2020 жылғы желтоқсанда – 9,7%) болды.
Депозит нарығы
01.02.2021ж. жағдай бойынша резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі 2021 жылғы қаңтарда 2,7%-ға ұлғайып, 22 675,7 млрд теңге болды. Заңды тұлғалардың депозиттері 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 11 944,0 млрд теңгеге дейін 5,7%-ға ұлғайды, жеке тұлғалардың депозиттері 10 731,7 млрд теңгеге дейін 0,6%-ға азайды.
Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі 2021 жылғы қаңтарда 3,0%-ға ұлғайып, 14 270,9 млрд теңге болды. Шетел валютасындағы депозиттік база 2,1%-ға ұлғайып, 8 404,8 млрд теңге болды. 2021 жылғы қаңтарда шетел валютасындағы депозиттердің үлесі 2021 жылдың басынан бері 0,2 тармақшаға төмендеп, 37,1% болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы қаңтарда 7 720,8 млрд теңгеге дейін 7,2%-ға өсті, шетел валютасындағы депозиттері 4 223,2 млрд теңгеге дейін 3,2%-ға ұлғайды, бұл заңды тұлғалар депозиттерінің 35,4%-ын құрайды. Жеке тұлғалардың теңгемен депозиттері 6 650,1 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға азайды, шетел валютасындағы депозиттері 4 181,6 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға ұлғайды, бұл жеке тұлғалардың депозиттерінің 39,0%-ын құрайды. Мерзімді депозиттердің көлемі 2021 жылғы қаңтарда 3,7%-ға ұлғайып, 15 844,0 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 10 059,2 млрд теңге, шетел валютасында – 5 784,8 млрд теңге болды. Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 7,2% (2020 жылғы желтоқсанда – 7,3%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 9,4% (2020 жылғы желтоқсанда – 9,2%) болды. 24 ай мерзімі бар жинақ депозиттері бойынша сыйақының «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ белгілейтін ең жоғары мөлшерлемесі 13,0% болды.
Қолданылған ықпал ету шаралары және санкциялар
2021 жылғы қаңтарда екінші деңгейдегі банктерге қатысты анықталған бұзушылықтардың қорытындылары бойынша 8 қадағалап ден қою шарасы қолданылды, оның ішінде 4 – жазбаша ұйғарым және 4 – ұсынымдық шарасы. Бұдан басқа, 45,6 млн теңге сомаға 11 әкімшілік жаза қолданылды.
Екінші деңгейдегі банктерге қатысты қадағалап ден қою шараларын қолдануға әкеп соққан негізгі бұзушылықтар жүргізілген төлемдер мен аударымдар бойынша жалған есептілік беру, валюталық позицияны бұзу, пруденциялық нормативтерді бұзу, жалған қаржылық, реттеуіш және өзге де есептіліктер беру, заңды тұлғалардың банк шоттарынан қолма-қол ашаны алу тәртібін бұзуы, қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы заңнаманы қаржы мониторингіне тиесілі операциялар туралы ақпаратты құжаттамалық тұрғыдан белгілеу мен беруге қатысты бұзу болып табылады.
Сақтандыру секторы
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сақтандыру секторы 28 сақтандыру ұйымын қамтиды, оның ішінде 9 – өмірді сақтандыру. 2021 жылғы қаңтарда сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының активтері 4,2%-ға ұлғайды және 01.02.2021 жылғы жағдай бойынша 1 548 млрд теңге немесе ІЖӨ-нен 2,2% болды. Ұлғаю дебиторлық берешектің, ақша қаражатының және қайта сақтандыру активтерінің өсуі есебінен қол жеткізілді. Активтер құрылымында ең көп үлеске (жиынтық активтердің 67,0%) бағалы қағаздар ие болды - 1 037 млрд теңге, олар 2021 жылғы қаңтарда 0,5%-ға ұлғайды. Екінші деңгейдегі банктерге орналастырылған салымдар 2021 жылғы қаңтарда 1,2% -ға азайып, 187 млрд теңгені құрады (жиынтық активтердің 12,1%).
01.02.2021 жылғы жағдай бойынша қайта сақтандыру активтері 2021 жылғы қаңтарда 13,8%-ға ұлғайып, 76 млрд теңгені (жиынтық активтердің 4,9%-ы) құрады. Негізгі өсім еңбек сіңірілмеген сыйлықақылар бойынша қайта сақтандыру активтері бойынша тіркелген, бұл жаңа қайта сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты. Сақтандыру дебиторлық берешек 2021 жылғы қаңтарда екі еседен артық ұлғайып, 77 млрд теңгені (жиынтық активтердің 5,0%-ы) құрады, бұл жаңа сақтандыру және қайта сақтандыру шарттарын жасасуға байланысты. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының міндеттемелері 2021 жылғы қаңтарда 5,5%-ға ұлғайды және 01.02.2021 жылғы жағдай бойынша 866 млрд теңгені құрады. Міндеттемелердің артуы жаңа сақтандыру шарттарының жасалуына байланысты сақтандыру резервтерінің ұлғаюы есебінен болды.
2021 жылғы қаңтарда сақтандыру резервтері негізінен еңбек сіңірілмеген сыйлықақы резерві және аннуитет шарттары бойынша болмаған залалдар резерві есебінен 6,2%-ға ұлғайды.
01.02.2021 жылғы жағдай бойынша сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының меншікті капиталы 2021 жылғы қаңтарда 2,5%-ға ұлғайып, негізінен сақтандыру және инвестициялық қызметтен алынған кірістердің өсуі есебінен 682 млрд теңгені құрады. Сақтандыру секторының негізінен сақтандыру қызметінен түскен кірістер есебінен алынған таза пайдасы 2021 жылғы қаңтарда 17,8 млрд теңгені құрады.
Бағалы қағаздар нарығы
01.02.2021 жылғы жағдай бойынша акциялар нарығын капиталдандыру 2021 жылғы қаңтарда 4,0% - ға немесе 760,1 млрд теңгеге ұлғайып, 19,8 трлн теңгені құрады. 2021 жылғы қаңтарда акциялармен сауда-саттық көлемі 20,5 млрд теңгені құрап, 2020 жылғы желтоқсандағы акциялармен сауда-саттық көлеміне қатысты 18,7% - ға немесе 4,7 млрд теңгеге азайды.
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша «Қазақстан қор биржасы» АҚ (бұдан әрі – KASE) сауда тізімдерінде 123 эмитенттің 139 акциясы болды, олардың 3 шығарылымы секторда айналысқа жіберілген листингтік емес бағалы қағаздар. 2021 жылдың қаңтар айында KASE ресми тізімінен Tiffany & Co компаниясының акциялары шығарылды, листингтік емес бағалы қағаздар секторынан «Қазақстан Мақтасы» АҚ-тың және «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ұлттық компаниясы АҚ-тың акциялары шығарылды.
01.02.2021ж. KASE сауда-саттық тізімінде 72 эмитенттің шығарған 279 корпоративтік облигациялары болды. 2021 жылғы қаңтарда KASE ресми тізіміне бір эмитент – «Қазақстандық орнықтылық қоры» АҚ-ның облигацияларының 4 шығарылымы енгізілді.
KASE-те корпоративтік облигациялармен сауда-саттық көлемі 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 65,8%-ға немесе 451 млрд теңгеге төмендеп, 234,8 млрд теңгені құрады.
Микроқаржылық қызмет
2020 жылғы төртінші тоқсанның нәтижелері бойынша микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – МҚҚЖҰ) активтері 2020 жылғы үшінші тоқсанмен салыстырғанда 4,3%-ға немесе 50,3 млрд теңгеге ұлғайып, 1 227,0 млрд теңгені құрады. Микроқаржы ұйымдарының активтері 2020 жылдың 4 тоқсанында 6%-ға немесе 29,2 млрд теңгеге ұлғайып, 519,5 млрд теңгені құрады, ломбардтардың активтері 9,9%-ға немесе 15,5 млрд теңгеге ұлғайып 172,3 млрд теңгені құрады, кредиттік серіктестіктердің активтері 1,1%-ға немесе 5,6 млрд теңгеге ұлғайып, 535,1 млрд теңгені құқрады. 01.01.2021ж. жағдай бойынша МҚҚЖҰ активтері банк секторы активтерінің 3,9%-ын құрады.
МҚҚЖҰ активтерінің құрылымында ең көп үлес кредиттік серіктестіктерге – 43,6%, микроқаржылық ұйымдарға – 42,3%, ломбардтарға-14,0% тиесілі.
Микроқаржы секторының жиынтық активтеріндегі анағұрлым көп үлесті берілген қарыздар (құнсыздануға берілген резервтерді шегергенде) алады – 83,9%. Микроқаржы ұйымдары және кредиттік серіктестіктер ұсынған қарыздардың (микрокредиттердің) үлесі (құнсыздануға резервтерді шегергенде) сәйкесінше активтердің жалпы сомасының 80,5% және 92,8%-ын құрады. Бұл ретте ломбардтар активтеріндегі нетто-негіздегі несие портфелі 66,5%-ды құрады.
Микроқаржы секторының жиынтық меншікті капиталы 464,8 млрд теңгені құрады және негізінен жарғылық капитал мен бөлінбеген пайдадан қалыптасты. Алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда МҚҚЖҰ капиталы 6,9%-ға немесе 29,9 млрд теңгеге (2020 жылы –4,3 есе өсті) ұлғайды.
Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасы
Ипотекалық қарыздарды 18 банк және 3 ипотекалық ұйым қайта қаржыландырады. 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде ипотекалық қарыз алған қарыз алушылардың жалғыз баспанасын сақтап қалуға бағытталған Бағдарламаның бірінші бөлігі шеңберінде банктер 2021 жылғы 01 ақпанда қайта қаржыландыру бойынша 182 млрд теңге сомаға 28 863 өтінім мақұлдады, 169,4 млрд теңге сомаға 27 861 қарыз қайта қаржыландырылды, оның ішінде 2020 жылдан бастап 11,2 млрд теңге сомаға 1 211 қарыз қайта қаржыландырылды.
Бағдарламаның екінші бөлігі шеңберінде банктер 2020 жылғы желтоқсанда 2016 жылға 01 қаңтарға дейін берілген валюталық ипотекалық қарыздарды конвертациялауды аяқтады. Бағдарламаның бірінші және екінші бөлігін іске асыру кезеңінде банктер 222,6 млрд теңге сомаға 27 202 валюталық ипотекалық қарызды конвертациялауды жүргізді, оның Бағдарламаның бірінші бөлігі бойынша 90,5 млрд теңге сомаға 13 418 қарыз, екінші бөлігі бойынша 132,1 млрд теңге сомаға 13 784 қарыз конвертацияланды.
Осылайша, Бағдарламаның талаптарына сәйкес келетін халықтың валюталық ипотекалық қарыздарының 100%-ы 2015 жылғы 18 тамыздағы жағдай бойынша Ұлттық Банктің бағамы бойынша теңгеге айырбасталды (АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) және болашақта валюталық тәуекел алып тасталды.
Бағдарламаның үшінші бөлігі шеңберінде банктер қарыздары ХӘОТ санаты бойынша Бағдарлама шеңберінде бұрын қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыз алушыларға берешекті азайту және өтеудің жеңілдікті кестелерін белгілеу түріндегі қосымша көмек көрсету, сондай-ақ банк балансында тұрған жалғыз тұрғын үйді қарыз алушының меншігіне қайтару бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл жұмыс 2021 жылдың 1 шілдесінде аяқталады.
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау
2021 жылғы қаңтарда Агенттіктің тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелеріндегі қызметі негізінен қарыз алушылардың борыш жүктемесін азайту үшін жәрдем көрсету және шаралар қабылдау туралы өтініштерін қараумен байланысты болды. Агенттік бір ай ішінде жеке және заңды тұлғалардың 1 343 өтінішін қарады, бұл 2020 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 18%-ға немесе 240 өтінішке аз. Өтініштердің басым бөлігі өтініштердің жалпы санының 59%-ын құрайтын банк секторына (банктер және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар) тиесілі. Қаржы нарығының секторлары бойынша үлес былайша бөлінді: микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша – 6,5%, сақтандыру нарығы субъектілері – 2,2%, бағалы қағаздар нарығы субъектілері – 1,6% және коллекторлық агенттіктер бойынша – 2,8%, сондай-ақ өзге де ұйымдар бойынша - қаралған өтініштердің жалпы санының 28%.
2021 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша 23,2 мыңнан астам азаматқа түсініктеме берілді. Өтініштердің неғұрлым өзекті мәселелері: кредиторлардың қарызды қосымша кейінге қалдыруды, қайта құрылымдауды ұсынудан бас тартуы, ағымдағы төлемдерді жүзеге асыру қажеттілігі туралы кредиттік ұйымдарды хабардар ету және кредиттік тарихтың нашарлауын, коллекторлық агенттіктердің үшінші тұлғаларға мәліметтерді таратуын, қаржы ұйымдары, салық органдары және жеке сот орындаушылары тарапынан шоттарды бұғаттау және онлайн-қарыздар бойынша қаржылық алаяқтық мәселелері болып табылды.
Толық нұсқасын мына жерден таба аласыз.
ҚНРДА Сыртқы коммуникациялар басқармасы:
+7( 727) 2371090, email: press@finreg.kz