Кредиттік бюролардың қызметіне ақпараттық қауіпсіздік талаптарын күшейту туралы

2024 жылғы 22 ақпанда «Кредиттік бюролардың, банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер болып табылатын ақпарат берушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалануға және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын талаптарды, сондай-ақ «Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы» 2004 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына және 3-тармағының 9) тармақшасына сәйкес кредиттік бюролардың ақпаратты берушілерге және кредиттік есептерді алушыларға қойылатын талаптарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 қыркүйектегі № 228 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулысының жобасы (бұдан әрі – Қаулы жобасы) ашық НҚА порталына орналастырылды.
Қаулы жобасының мақсаты кредиттік бюролардың, ақпаратты жеткізушілердің және кредиттік есептерді алушылардың қызметін ұйымдастыру кезінде бағдарламалық қамтылымның қауіпсіздігін арттыру болып табылады. Агенттіктің салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығының шеңберінде ақпараттық қауіпсіздік оқиғалары мен оқыс оқиғалары туралы ақпарат алмасу үшін кредиттік бюроларды жалпы қаржы нарығы жүйесіне қосу мақсатында қосымша талаптар енгізілді.
Дербес және өзге де конфиденциалды деректердің операторлары ретінде кредиттік бюроларға, сондай-ақ банктер мен микроқаржы ұйымдарына қашықтан қызмет көрсету кезінде қосымша қауіпсіздік талаптары, оның ішінде кредиттік бюроның мобильдік қосымшасында бастапқы тіркеу кезінде клиентті биометриялық идентификаттауды жүзеге асыру талабы белгіленді.
Қаулы жобасының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-порталында және «Ашық НҚА» порталында:
https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14950736 сілтемесі бойынша танысуға болады.