Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың үлгілік шартын бекіту туралы қаулы қабылданды

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2024 жылғы 21 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандырудың үлгілік шартын бекіту туралы» Агенттік Басқармасының 2024 жылғы 6 ақпандағы № 9 қаулысы (бұдан әрі – Қаулы) қабылданды.
«Қызметкер еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, Қазақстандағы әрбір жұмыс беруші қызметкерді еңбек (қызметтік) міндеттерін атқарған кезде оны жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру шартын (бұдан әрі – ЖОМС) жасасуға міндетті. ЖОМС мақсаты еңбек (қызмет) мiндеттерiн атқарған кезде өмiрi мен денсаулығына зиян келтiрiлген қызметкерлердiң мүліктік мүдделерiн қорғауды сақтандыру төлемдерiн жүзеге асыру арқылы қамтамасыз ету болып табылады.
Қаулымен ЖОМС-ды жүзеге асырудың негізгі талаптары, жұмыс берушінің және сақтандыру ұйымының құқықтары мен міндеттері, сақтандыру төлемдерін, оның ішінде ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлерге берілетін арнайы төлемдерді жүзеге асыру шарттары көрсетілген ЖОМС шартының үлгілік нысаны бекітіледі.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz