Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттік мынаны хабарлайды.
- 2023 жылы 27 қарашада «Қаржы нарығын реттеу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының №85 Қаулысы (бұдан әрі – Қаулы) қабылданды.
Қаулы нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру мақсатында жүргізілген құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша әзірленді.
Өзгерістер лицензиядан айырылған және мәжбүрлеп тарату процесінде тұрған сақтандыру ұйымының интернет-ресурсында орналастырылатын мәліметтер мен құжаттарды нақтылауға, мемлекеттік қызметтердің кіші түрлерінің атауларына өзгерістер енгізуге: МБЖЖ шеңберіндегі өмірді сақтандыру және зейнетақы аннуитеттік сақтандыру, заңнамалық актілердің атауларын жаңартуға қатысты.
- Агенттік «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығы мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Агенттік Басқарма қаулысының жобасын (бұдан әрі – Жоба) әзірледі.
Жоба инсайдерлер жасайтын мәмілелерді бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың есепке алу тәртібін енгізу бөлігінде өзгерістер енгізуді, сондай-ақ Директорлар кеңесіне, Басқармаға және тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшеге осындай мәмілелер туралы ақпарат беру жөніндегі талаптарды енгізуді көздейді.
Жоба бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін жетілдіру мақсатында, оның ішінде мүдделер қақтығысының туындау жағдайларын анықтау және бағалы қағаздар нарығында жосықсыз әрекеттердің алдын алу әдістерінің тиімділігін арттыру мақсатында әзірленді.
Жобаның толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14813973 интернет-порталынан және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсынан «Нормативтік құқықтық база» бөлімінен танысуға болады.