Сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі қағидаларының (Еурохаттама) бекітілгені туралы

Сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі қағидаларының (Еурохаттама) бекітілгені туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) 2023 жылғы 15 қарашада «Сақтандыру жағдайларын реттеу қағидаларын, реттеудің оңайлатылған тәртібінің шарттары мен мерзімдерін, әрбір жекелеген сақтандыру жағдайы бойынша сақтандыру сомасының шекті мөлшерін, сондай-ақ сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі туралы декларация нысанын және құжаттарды ресімдеуге қойылатын талаптар мен оған қоса берілетін мәліметтерді,  Сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі кезінде көлік құралдарын сақтандырушының қарап-тексеру қағидаларын, шарттарын және мерзімдерін, Сақтандырушының сақтандыру жағдайын реттеудің оңайлатылған тәртібі кезінде сақтандыру төлемін жүзеге асыру қағидаларын және мерзімдерін бекіту туралы» Агенттік Басқармасының №83 қаулысы (бұдан әрі – Жоба) қабылданғанын хабарлайды.

Жобада сақтандыру жағдайларын реттеудің оңайлатылған рәсімдері (Еурохаттама) көзделеді, жол-көлік оқиғасына қатысушылар толтыратын декларация нысаны бекітіледі.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтар аса маңызды емес жол-көлік оқиғалары бойынша сақтандыру төлемін оңайлатылған тәртіппен ала алады.

Еурохаттаманың басты талаптары мыналар:

  • сақтандыру жағдайын полицияны шақырмай және сотқа жүгінбей ресімдеу;
  • залал сомасы 100 АЕК-ке дейін – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 369 мың теңге;
  • жол-көлік оқиғасына қатысушыларда кінәліні және жәбірленушіні анықтау бойынша келіспеушіліктердің болмауы;
  • үшінші тұлғалардың денсаулығы мен мүлкіне келтірілген зиянның болмауы.

 Бүгінгі күні «Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры» АҚ «Еурохаттама» арнайы мобильді қосымшасын әзірледі, оны сақтандыру ұйымдары белсенді түрде сынақтан өткізеді. Қосымша арқылы биометриялық идентификаттауды, цифрлық құжаттарды, фото және бейнежазбаны қоса бере отырып, сақтандыру ұйымына сақтандыру төлемін алуға өтінім беруге болады.

Еурохаттаманың енгізілуі азаматтарға сақтандыру жағдайлары бойынша жедел өтемақы алуға мүмкіндік береді, төлемдерді бақылауды және олардың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Жоба 2023 жылғы 17 қарашада Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде №33652 болып тіркелді. Жобаның толық мәтінімен Агенттіктің интернет-порталында танысуға болады. 

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz

Қызмет бағыты