Сақтандыру ұйымдарының деректер витринасын қалыптастыру, жүргізу және жаңарту тәртібін реттеу туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, Қазақстан Республикасының бейрезидент сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының цифрлық инфрақұрылымында деректер витринасын қалыптастыру, жүргізу және жаңарту, сондай-ақ қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға деректер витринасына қол жеткізуді ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасын әзірледі.
Құжат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 16 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді.
Қаулы жобасының мақсаты – сақтандыру және қайта сақтандыру операциялары, ірі мәмілелер, бірлесіп сақтандыру қызметі туралы мәліметтерді, сондай-ақ уәкілетті орган айқындайтын өзге де деректерді қамтитын сақтандыру ұйымдарының деректер витринасын қалыптастыруға, жүргізуге және жаңартуға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілеу болып табылады.
Белгіленген талаптарды іске асыру уәкілетті органға сақтандыру ұйымдарының қызметіне тиімді мониторинг жүргізуге, ықтимал тәуекелдерді уақтылы анықтауға, сондай-ақ сақтандыру операцияларының ашықтығын және сақтандыру нарығының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сақтандыру ұйымдары үшін бірыңғай талаптарды белгілеу қажетті деректерді қалыптастыруға, жүргізуге және жаңартуға бірыңғай тәсілді қамтамасыз етеді.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 10 89