Банктерді реттеу құралдарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «Банктерді реттеу құралдарын пайдалану қағидаларын бекіту туралы» ағымдағы жылғы 28 шілдедегі №111 қаулыны қабылдады. Құжат «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңын іске асыру мақсатында қабылданды.
Банктерді реттеу құралдарын пайдалану қағидалары бекітілді, олар міндеттемелерді орындау талаптарын өзгертуді, банктің төлемге қабілеттілігін қалпына келтіру және көтерген шығындарды өтеу мақсатында міндеттемелерді банктің акцияларына айналдыруды қоса алғанда, банк міндеттемелерін мәжбүрлеп қайта құрылымдауды жүргізу тәртібін, сондай-ақ инвесторды іріктеу, мәміленің талаптарын айқындау және инвестордың банкті толық капиталдандыру және оның одан әрі орнықты қызметін қамтамасыз ету бойынша міндеттемелерді қабылдау рәсімдерін қоса алғанда, банк акцияларын жаңа инвесторға мәжбүрлеп сату тәртібін белгілейді.
Иеленуші банкке қойылатын талаптарды, оларды іріктеу өлшемшарттарын және активтер мен міндеттемелерді беруді ресімдеу тәртібін қоса алғанда, банктің активтері мен міндеттемелерін иеленуші банкке бір мезгілде беру бойынша операциялар тәртібі айқындалды. Сондай-ақ, құжатта тұрақтандыру банкін құру және лицензиялау тәртібі, оны капиталдандыруға, басқаруға және жүзеге асырылатын операцияларға қойылатын талаптар, сондай-ақ тұрақтандыру банкінің банк қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз етудің уақытша тетігі ретінде жұмыс істеу ерекшеліктері белгіленген.
Қаулымен банктің активтері мен міндеттемелерін тұрақтандыру банкіне беру және кейіннен осындай активтер мен міндеттемелерді сатып алушы банкке беру не тұрақтандыру банкінің акцияларын инвесторға өткізу тәртібі айқындалған.
Бұдан басқа, банктің активтері мен міндеттемелерін бағалауды жүргізу өлшемшарттары, бағалау туралы есептің мазмұнына қойылатын талаптар, сондай-ақ банкті мәжбүрлеп тарату кезіндегі олардың жағдайымен салыстырғанда депозиторлар мен өзге де кредиторлар жағдайының нашарлауына жол бермеу қағидатының сақталуын айқындау мақсатында бағалау нәтижелерін ресімдеу тәртібі белгіленген.
Қаулының мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
press@finreg.kz