Зейнетақы аннуитеттері туралы заңнаманы жетілдіру туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Агенттік Басқармасының «Зейнетақы аннуитетінің үлгілік шартын бекіту, Зейнетақы аннуитеті шарты бойынша сақтандыру ұйымынан сақтандыру сыйлықақысын және сақтандыру төлемін есептеу әдістемесін, сақтандыру ұйымының жасалатын зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша істі жүргізуге арналған шығыстарының жол берілетін деңгейін, сондай-ақ сақтандыру төлемін индекстеу мөлшерлемесін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2023 жылғы 7 маусымдағы № 45 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысының жобасын әзірледі.
Жоба зейнетақы аннуитеті шарттарын жасасу және орындау тәртібін жетілдіруге, сондай-ақ олардың шарттарын қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған.
Атап айтқанда, құжатта зейнетақы аннуитеті шартында көрсетілген тұлғаның, ал ол болмаған жағдайда – мұрагерлердің, сақтанушы және (немесе) сақтандырылған адам тірі кезінде төленбеген не толық көлемде төленбеген кепілдендірілген сақтандыру төлемдерін (олар болған кезде) алу құқығын бекіту ұсынылады;
Сондай-ақ, сақтандыру ұйымдары арасында ауысу кезінде шарттың қағаз нұсқасын ұсыну туралы талапты жою ұсынылады. Қажетті ақпарат алмасу Бірыңғай сақтандыру дерекқоры арқылы электрондық форматта жүзеге асырылатын болады.
Сонымен қатар, зейнетақы аннуитеті шартын жасау немесе өзгерту үшін зейнетақы жинақтары жеткіліксіз болған кезде, сақтанушының өз қаражаты есебінен сақтандыру сыйлықақысының жетіспейтін бөлігін төлеу тәртібі және пайда алушыны ауыстыру кезінде (егер ол сақтандырылған тұлға болып табылмаса), сондай-ақ сақтандыру шарттарына әсер етпейтін дербес деректерді өзектендіру кезінде шартқа өзгерістер енгізу тәртібі нақтыланды.
Құжаттың мәтінімен «Ашық НҚА» порталында (https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15878866 ) және Агенттіктің сайтында танысуға болады. (https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/1046103?lang=kk).
Сыртқы коммуникациялар басқармасы