Цифрлық қаржы активтері нарығын дамыту мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне қаржы нарығын және цифрлық қаржы активтері нарығын дамыту мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 20 сәуірдегі № 79 қаулы қабылдады.
Қаулы Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларына, бағалы қағаздарды ұстаушылар тізілімдерінің жүйесін жүргізу жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларына, сондай-ақ Орталық депозитарийдің қызметін жүзеге асыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.
Құжат цифрлық қаржы активтерін дамыту және енгізу жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында, сондай-ақ оларды шығарудың, есепке алудың және айналыстың құқықтық және институционалдық негіздерін қалыптастыруды ескере отырып әзірленді.
Енгізілген өзгерістер мен толықтырулар қолданыстағы реттеуді цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдарының жаңа түрлеріне бейімдеуге, қаржы нарығына қатысушылардың өкілеттіктері мен функцияларын нақтылауға, сондай-ақ цифрлық қаржы активтерін есепке алу, сақтау және айналысы бөлігінде реттеудің құқықтық айқындылығы мен үздіксіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыру қағидаларын цифрлық қаржы активтерімен операцияларды шешу және цифрлық қаржы активтері нарығын дамыту бөлігінде заң талаптарына сәйкес келтіру көзделеді.
Сондай-ақ, қаулыда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2026 жылғы 16 қаңтардағы № 259-VIII Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес редакциялық түзетулер көзделген.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 10 89