Әмбебап банк лицензиясы бар банктің және ислам банкінің цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасасу қағидаларын бекіту туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «Әмбебап банк лицензиясы бар банктің, ислам банкінің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының және Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкі филиалының цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасасу қағидаларын бекіту туралы» Агенттік Басқармасының № 87 және Ұлттық Банк Басқармасының № 50 бірлескен қаулысын қабылдады.
Құжат «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» ҚР Заңын іске асыру үшін әзірленді.
Бірлескен қаулы әмбебап банк лицензиясы бар банктің және ислам банкінің цифрлық қаржы активтерімен (ЦҚА) мәмілелер жасасу тәртібін белгілейді, сондай-ақ мұндай банктер олармен мәмілелер жасауға құқылы ЦҚА тізбесін, көрсетілген ЦҚА-ға қойылатын талаптарды және меншікті ЦҚА-мен мәмілелер жасасу тәртібін айқындайды.
Атап айтқанда, көрсетілген ЦҚА тізбесі мыналарды қамтиды:
- базалық активі ақша болып табылатын ЦҚА (стейблкоиндар);
- исламдық бағалы қағаздарды қоса алғанда, борыштық эмиссиялық бағалы қағаздармен қамтамасыз етілген ЦҚА;
- цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары.
Бірлескен қаулы ЦҚА-мен мәмілелер ЦҚА платформалары операторларының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының цифрлық платформаларында ғана жүзеге асырылатынын көздейді.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы