Қаржы нарығында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі талаптарды белгілеу туралы

Қаржы нарығында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі талаптарды белгілеу туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы 2026 жылғы 20 сәуірде «Қаржы нарығында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ең төменгі талаптарды бекіту туралы» № 81 қаулыны қабылдады.

Қазіргі уақытта ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі талаптар банктерді, сақтандыру ұйымдарын, бағалы қағаздар нарығының субъектілерін және кредиттік бюроларды қоса алғанда, қаржы ұйымдарының әртүрлі санаттары үшін бөлек белгіленген.

Қаулы қаржы нарығында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бірыңғай тәсілдерін қалыптастыруға бағытталған және бұрын енгізілген салалық талаптардың болуына қарамастан қаржы нарығының барлық субъектілері үшін бірыңғай міндетті стандартты енгізеді.

Құжат ақпараттық қауіпсіздік саясатын қалыптастыру тәртібін, қызметкерлерді оқытуға, үшінші тұлғалардың қолжетімділігін бақылауға, телекоммуникациялық инфрақұрылымның физикалық қауіпсіздігін, киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге, қорғау аясының жұмыс істеуіне, сыртқы қосылыстарды шифрлауға, сондай-ақ аудиторлық іздерді жүргізу мен сақтауға және резервтік көшірмелерге қойылатын талаптарды айқындайды.

Сонымен қатар, пайдаланушылар мен клиенттерді сәйкестендіру және аутентификациялау талаптары, оның ішінде биометриялық жеке куәлікті қолдану белгіленген.

Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.

Қаулымен қаржы ұйымдарының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қойылатын ең төменгі ұйымдастырушылық және техникалық талаптар белгіленеді.

 

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

+7 (727) 237 1089

press@finreg.kz