Таратылатын және қызметі тоқтатылатын ислам банкінің мүлкі мен міндеттемелерін беру қағидалары жөнінде

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы 2026 жылғы 16 сәуірде «Исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банкті, ислам банкін таңдау және оған инвестициялық депозит туралы шарт бойынша тартылған ақша есебінен сатып алынған мүлікті және исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар таратылатын банктің, ислам банкінің инвестициялық депозиттер бойынша міндеттемелерін беру, сондай-ақ банкті, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар банкті, Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалын, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасы бейрезидент банкінің филиалын таңдау және оларға инвестициялық депозит туралы шарт бойынша тартылған ақша есебінен сатып алынған мүлікті және қызметі мәжбүрлеп тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкі филиалының, исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын әмбебап банк лицензиясы бар Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі филиалының инвестициялық депозиттер бойынша міндеттемелерін беру қағидаларын бекіту туралы» № 68 қаулыны қабылдады.
Қаулы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 116-бабының 3-тармағына және 128-бабының 3-тармағына іске асыру мақсатында қабылданды.
Қаулымен таратылатын ислам банкінің және қызметі тоқтатылатын Қазақстан Республикасының бейрезидент ислам банкі филиалының мүлкі мен міндеттемелерін басқа ислам банкіне беру тәртібі белгіленеді.
Қаулының толық мәтінімен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы