Қаржы және төлем ұйымдарының биометриялық аутентификациясын жүргізу тәртібі туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Ұлттық Банкпен бірлесіп, Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің 48-бабының
6-тармағын іске асыру мақсатында Агенттік Басқармасының және Ұлттық Банк Басқармасының «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы алған ұлттық биометриялық аутентификациялау жүйесінің биометриялық деректерін міндетті пайдалану және (немесе) толтыру жағдайларын қоса алғанда, қаржы және төлем ұйымдарының биометриялық аутентификациялау жүргізу қағидаларын бекіту туралы» бірлескен қаулысының жобасын әзірледі.
Жоба қаржы және төлем ұйымдарының қызметінде биометриялық аутентификациялауды пайдалану үшін нормативтік база қалыптастыруға бағытталған. Бет бейнесі мен алақан ізін қоса алғанда, биометриялық деректерді пайдалана отырып, аутентификациялау жүргізу тәртібі мен шарттары айқындалады, сондай-ақ ұлттық биометриялық аутентификациялау жүйесімен және сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығымен өзара іс-қимыл регламенттеледі. Биометриялық деректерді алу, дәйектілігін тексеру және салыстыру процестеріне қойылатын талаптар белгіленеді.
Қағидалар банктердің ақпараттық қауіпсіздігіне қойылатын қолданыстағы талаптар негізінде әзірленді және банк секторында қолданылатын тәсілдерді барлық қаржы және төлем ұйымдарына қолданады.
Клиенттің жеке басын бет-әлпетінің бейнесі арқылы биометриялық тексеру екі кезеңмен жүзеге асырылатынын еске саламыз:
бірінші кезеңде камераның алдында маска немесе жасалған сурет емес, тірі адам тұрғаны расталады;
екінші кезеңде бірінші кезеңде алынған адам бейнесін жеке тұлғалар бейнелерінің мемлекеттік эталондық базасымен салыстыру жүргізіледі.
Тексеру нәтижелері бойынша электрондық құжат жасалады, оған электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылады және қорғалған күйінде сақталады.
Бұған қосымша, биометриялық деректердің сапасы мен толықтығына, сондай-ақ оларды жинау, өңдеу, сақтау және қорғау процестеріне қойылатын талаптар белгіленеді. Аутентификациялау нәтижелерін тіркеу регламенттеледі, сондай-ақ биометрияны міндетті түрде пайдалану жағдайлары және ұлттық биометриялық аутентификациялау жүйесімен өзара іс-қимылға қойылатын талаптар айқындалады.
Қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089