Ірі қатысушы мәртебесін иеленуге келісім беру қағидаларын бекіту туралы

Ірі қатысушы мәртебесін иеленуге келісім беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы «Банктің ірі қатысушысы, банк холдингі, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының ірі қатысушысы, сақтандыру холдингі, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру, кері қайтарып алу қағидаларын және көрсетілген келісімді алу үшін ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптарды бекіту туралы» 2026 жылғы 31 наурыздағы №30 қаулыны қабылдады.  

Құжат «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту, байланыс және банкроттық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарын іске асыру мақсатында әзірленді. 

Қаулыда Агенттіктің жеке және заңды тұлғаларға банктің, сақтандыру ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының, банк немесе сақтандыру холдингінің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру бойынша мемлекеттік қызметті көрсетуі кезіндегі бірыңғай талаптар көзделеді.  

Қағидалар Агенттіктің мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін, банктің, сақтандыру ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының, банк немесе сақтандыру холдингінің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге келісім беру үшін ұсынылатын құжаттарға қойылатын талаптарды, құжаттар тізбесін және оларды қарау мерзімдерін, сондай-ақ аталған келісімді алуға арналған өтініштердің нысандарын айқындайды.       

Банк заңнамасына қатысты жүргізілген ырықтандыруға ұқсас шетелдік инвесторларды тарту үшін Қаулы Агенттіктің сақтандыру ұйымының, сақтандыру холдингінің, инвестициялық портфельді басқарушының ірі қатысушысы мәртебелерін иеленуге келісімін алу үшін рұқсат беру процесін оңтайландыруды көздейді. Құжаттар тізбесінен Агенттік сыртқы ақпараттық жүйелерден немесе ақпарат алмасу туралы келісімдер шеңберінде шетелдік қаржы реттеушісінен ала алатын мәліметтер және қаржылық есептілік шығарылды. 

Сақтандыру секторына сенімді шетелдік инвесторларды тарту мақсатында «А-» төмен емес кредиттік рейтингі бар шетелдік сақтандыру ұйымдары үшін сақтандыру холдингі мәртебесін алған жағдайда қысқартылған құжаттар тізбесі көзделген. 

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енген жаңа Салық кодексінің нормаларына сәйкес банктің және сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымының, банк және сақтандыру холдингінің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуге рұқсат беру үшін алынатын алымның (жеке тұлғалар үшін – 100 АЕК, заңды тұлғалар үшін - 500 АЕК) күші жойылды.

Қазақстанның қаржы нарығында жаңа ірі шетелдік инвесторлардың пайда болуы бәсекелестіктің кеңеюіне ықпал ететін болады, тұтынушыларға қаржылық қызметтерді халықаралық қаржы топтарының үздік корпоративтік стандарттарына сәйкес алуға мүмкіндік береді. 

Қаулының толық мәтінімен Агенттік сайтында танысуға болады. 

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz