Банктер үшін пруденциялық нормативтерді белгілеу туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Әмбебап банктік лицензиясы бар банк, базалық банктік лицензиясы бар банк, ислам банкі үшін пруденциялық нормативтерді, олардың шекті мәндерін және есептеу әдістемелерін белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы қаулысының жобасы әзірленгені туралы хабардар етеді.
Жоба Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Заңының 72-бабының 1-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленді.
Жобада әмбебап банк лицензиясы бар банк, базалық банк лицензиясы бар банк және ислам банкі үшін пруденциялық нормативтерді, олардың шекті мәндері мен есептеу әдістемелері белгіленген.
Аталған нормативтік мәндер мен есептеу әдістерін енгізу қаржы ұйымдарының тұрақтылығын арттыруға, кредиттік, нарықтық, операциялық және беделдік тәуекелдерді төмендетуге, корпоративтік басқару мен ішкі бақылау жүйесін нығайтуға, пруденциялық қадағалаудың салыстырмалылығы мен ашықтығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ жекелеген қосымшалар мен кестелер арқылы ислам банктік операцияларының ерекшеліктерін ескеруге бағытталған.
Жобаның толық мәтінімен ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында және Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.