Жеке және заңды тұлғаларды қаржыландыру мақсаттары үшін халықаралық тауар биржаларының тізбесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Сауда делдалы ретіндегі жеке және заңды тұлғаларды тауарды кейіннен үшінші тұлғаға сату талаптарымен коммерциялық кредит беру жолымен қаржыландыру шеңберінде тауарды сатып алу және сату жүргізілетін халықаралық тауар биржаларының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы жобасының (бұдан әрі – Қаулы) әзірленгенін хабарлайды.
Қаулы «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 41-бабының нормаларын іске асыру мақсатында әзірленді.
Қаулыны қабылдау нәтижесінде исламдық банк операцияларын жүзеге асыратын ислам банктеріне, сондай-ақ әмбебап банктік лицензиясы бар банктерге «тауарлық мурабаха» операциясын жүзеге асыру жолымен шағын және орта бизнес субъектілерін қаржыландыру мүмкіндігі беріледі.
Жобаны қабылдауға байланысты құқықтық салдар болжанбайды.
Жобаның толық мәтінімен нормативтік құқықтық актілердің ашық интернет-порталында және Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы