Бағалы қағаздар нарығын дамыту мәселелері туралы

Бағалы қағаздар нарығын дамыту мәселелері туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне бағалы қағаздар нарығын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Агенттік Басқармасының 2025 жылғы 31 желтоқсандағы № 85 қаулысының қабылданғаны туралы хабарлайды.

Құжатта инвестициялық қордың инвестициялық декларациясында биржалық инвестициялық қордың (Exchange Traded Fund) активтері есебінен бір тұлға және оның аффилиирленген тұлғалары шығарған (ұсынған) қаржы құралдарына және (немесе) дауыс беретін акцияларының 50 пайызынан астамы мемлекетке немесе ұлттық басқарушы холдингке, не ұлттық холдингке және ұлттық экономиканың бір саласында қызмет жүзеге асыратын оның аффилиирленген тұлғаларына тиесілі бір тұлға шығарған (ұсынған) қаржы құралдарына салынатын инвестициялардың жиынтық мөлшерін белгілеу көзделген.

Инвестициялау лимиттерінен бір эмитентке және оның аффилиирленген тұлғаларына қатысты, өзара аффилиирленген тұлғалар шығарған қаржы құралдары бойынша, дауыс беретін акцияларының 50 пайызынан астамы мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингке немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі тұлғаларға қатысты ерекшелік көзделген.

Пруденциялық реттеу шеңберінде танылған халықаралық қаржы ұйымдарының тізбесіне Қара теңіз сауда және даму банкі (Black Sea Trade and Development Bank) енгізілді.

Қаулымен сондай-ақ клиенттердің брокерлер/дилерлер алдындағы ақша қаражаты мен бағалы қағаздардың сақталу орны туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ бағалы қағаздар мен ақша қаражатының сақталу орнына байланысты ықтимал тәуекелдерге уақтылы ден қою мақсатында клиенттің активтерін шетелдік есеп айырысу ұйымдарында орналастыру алдында клиенттің алдын ала келісімін алу талаптары бекітіледі.

Сонымен қатар брокер-дилердің штаттағы қызметкерлерінің үшінші тұлғаларға агенттік қызметтер көрсетуіне міндетті түрде рұқсат беру талаптары, клиенттердің өтініштері мен шағымдарын есепке алу журналына қойылатын талаптар белгіленеді, қолданыстағы нормалар Қазақстан Республикасының «Құқықтық актілер туралы» Заңының талаптарына сәйкестендіріледі, анықталған құқықтық олқылықтар жойылады және құқықтық мониторинг нәтижелері бойынша редакциялық өзгерістер енгізіледі.

Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.

 

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz