Зейнетақы аннуитеттері туралы заңнаманы жетілдіру туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Конституциялық Соттың ұсынымдарын ескере отырып, зейнетақы аннуитеті шартын жасау рәсімдерін оңайлату үшін заңнамалық түзетулер әзірледі.
Бүгінгі күні азаматтар зейнетақы төлемдерін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан немесе сақтандыру ұйымынан зейнетақы аннуитеті шартын жасау арқылы ала алады. Зейнетақы аннуитеттік сақтандыру ерікті болып табылады, оны ресімдеу туралы шешімді әрбір салымшы дербес қабылдайды.
Зейнетақы аннуитеті шарты бойынша салымшының зейнетақы жинақтары сақтандыру ұйымына аударылады, ал оның орнына салымшы сақтандыру ұйымынан өмір бойы ай сайынғы төлемдерге құқық алады. Сақтандыру төлемдерінің мөлшері белгіленген және алдын ала белгілі, ол зейнетақы аннуитеті шартына қоса берілетін төлем кестесінде көрсетіледі. Ай сайынғы төлемнің ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің кемінде 70%-ын құрайды. Осының арқасында зейнетақы аннуитеті шарты бойынша төлемдер салымшының жеке зейнетақы шотындағы қаражат толық таусылғанға дейін ғана жүзеге асырылатын БЖЗҚ төлемдерінен тиімді ерекшеленеді.
Егер зейнетақы аннуитеті шартында кепілдендірілген төлемдер көзделсе, онда сақтандырылған адам қайтыс болғаннан кейін оларды шартта көрсетілген адам алады.
Заңнамалық түзетулер қабылданғаннан кейін төлемдерді алушылар кепілдендірілген төлемдердің қалған сомасын – біржолғы немесе ай сайын алу тәсілін таңдай алады. Сондай-ақ шарттың қолданыстағы талаптарын сақтай отырып, сақтандыру төлемдерін алушыны ауыстыру мүмкіндігі көзделеді. Бұл сақтанушыға алушыны өзгертуге мүмкіндік береді, мысалы, бұрынғы алушы қайтыс болған жағдайда немесе қажет болған жағдайда басқа туыстарын, соның ішінде немерелерін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан басқа, сақтандыру сыйлықақысының жетіспейтін бөлігін қосымша төлеу тәртібі нақтыланады: мұндай сома толық және бір төлеммен енгізілуге тиіс.
Қазіргі уақытта аталған заңнамалық түзетулер Парламент Мәжілісінде қаралуда.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы