Міндетті автосақтандыру құнын есептеу үшін көрсеткіштер бекітілді

Міндетті автосақтандыру құнын есептеу үшін көрсеткіштер бекітілді

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (бұдан әрі – Агенттік) 15 қыркүйекте Басқарманың «Көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру жөніндегі сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін пайдаланылатын таргеттелетін шығындылықтың және анықтық факторының 2026 жылға арналған мөлшерлерін бекіту туралы» № 59 қаулысын қабылдады.

Қаулымен көлік құралын тіркеу аумағы бойынша коэффициенттерге түзету коэффициенттерін есептеу үшін пайдаланылатын 2026 жылға таргеттелетін шығындылық 65% мөлшерінде және анықтық факторы 10% мөлшерінде бекітілді.

Өз кезегінде, түзету коэффициенттері көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру (бұдан әрі – КҚИ АҚЖМС) бойынша сақтандыру сыйлықақысын есептеу үшін, КҚИ АҚЖМС Заңында белгіленген көлік құралының түріне, сақтанушының жасы мен жүргізу өтіліне, көлік құралының пайдаланылу мерзіміне, сондай-ақ сақтандыру жағдайларының болуына немесе болмауына («бонус-малус» жүйесі) байланысты коэффициенттермен қатар қолданылатын болады.

Түзету коэффициенттерінің мөлшерлері Бірыңғай сақтандыру деректер қорымен есептеліп, 2023 жылғы 7 маусымдағы № 46 Агенттік Қаулысымен бекітілген Қағидаларға сәйкес ағымдағы жылдың қараша айының 10-шы жұмыс күнінен кешіктірілмей Агенттікпен бекітіледі.

Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде (https://zan.gov.kz/client/#!/doc/214520/kaz) және Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында (https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/902309?lang=kk) танысуға болады.

Қызмет бағыты