Қаржы өнімдері туралы ақпаратты жария етуге қойылатын талаптар кеңейтілді

Агенттік Басқармасының 2025 жылғы 28 тамыздағы № 47 қаулысымен «Қаржы ұйымдарының қаржы өнімдерін бекітуі туралы қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органды хабардар ету қағидаларын, сондай-ақ хабарламаға қоса берілетін құжаттардың және хабарламада көрсетілген бекітілген қаржы өнімдері жөнінде мәліметтердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 30 мамырдағы № 137 қаулысына өзгерістер енгізілді.
Қаулы «Кейбір заңнамалық актілерге қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2025 жылғы 30 маусымдағы Заңды іске асыру шеңберінде қабылданды.
Қолданыстағы талаптар қаржы ұйымының Агенттікке қаржы өнімі туралы хабарламаны (белгіленген нысан бойынша) ол бекітілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде шарттың үлгілік нысанын және оның бекітілгені туралы үзінді-көшірмені қоса бере отырып ұсынуын көздейді.
Қаржы өнімі туралы ақпараттың толық жария етуді қамтамасыз ету және жосықсыз тәжірибелерді уақтылы анықтау мақсатында қаулымен ұсынылатын мәліметтер мен құжаттардың тізбесін кеңейту көзделген, оның ішінде:
- қаржы өнімінің шарттарын бекіту туралы үзінді-көшірме;
- қаржы өнімінің талаптарын және шарттың нысанын бекіткен органның құзыретін растайтын құжат;
- қаржы өнімінің қолданылу мерзімі және шартты мерзімінен бұрын тоқтату тәртібі туралы мәліметтер (қолданыстағы тізбе мақсаттар, шекті сомалар мен мерзімдер, мөлшерлемелер мен комиссиялар, төлемдер мен өтеулер тәртібін қамтиды).
Басқарма қаулысының толық мәтінімен Агенттіктің интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы