Микроқаржы ұйымдарына қатысты пруденциалдық реттеуді жетілдіру туралы

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Пруденциялдық нормативтердi және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның сақтауы мiндеттi өзге де нормалар мен лимиттердi, оларды есептеу әдістемесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 14 қарашадағы № 192 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігі Басқармасының қаулы жобасын (бұдан әрі – қаулы жобасы) әзірледі.
Қаулы жобасымен микроқаржы ұйымының кредиттік портфелінің жалпы сомасында 90 (тоқсан) күнтізбелік күннен асатын негізгі борыш бойынша мерзімі өткен берешек үлесіне лимит мәнін кезең – кезеңмен төмендету көзделеді: 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап - 15 (он бес) пайыздан аспайды; 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап - 10 (он) пайыздан аспайтындай кезең-кезеңімен төмендету көзделеді.
Қаулы жобасы тұтынушылық кредиттеудің, халықтың борыштық жүктемесінің шамадан тыс өсуін төмендету, сондай-ақ қаржылық тұрақтылықты арттыру және бизнесті несиелеуді кеңейту мақсатында әзірленді.
Қаулы жобасының толық мәтінімен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы