Банктік қызметті реттеу мәселелері бойынша Агенттік Басқармасы қаулысының жобасы туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банктік қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Агенттік Басқармасы қаулысының жобасын (бұдан әрі – Қаулы жобасы) әзірледі.
Қаулы жобасы қаржы нарығында құқыққа қарсы іс-қимылдарды және дропперлікті (есірткінің заңсыз айналымы, қаржы пирамидаларының, онлайн/интернет-казинолардың қызметін ұйымдастыру) барынша азайту мақсатында әзірленді және мынадай қосымша бақылау шараларын енгізуді көздейді:
- клиенттерге қашықтықтан қызмет көрсету және дропперлік схемаларға тарту тәуекелдеріне ұшыраған клиенттерге қатысты мониторингті күшейту, комплаенс-бақылау басшыларының жауапкершілігін күшейту және банктердің құқыққа қарсы іс-қимыл тәуекелдерін басқару жөніндегі антифрод-қызметтерінің функционалын кеңейту бөлігінде банктерге қойылатын талаптар;
- тәуекелі жоғары ҚР бейрезиденттері-клиенттеріне қатысты бақылауды, оның ішінде қашықтықтан немесе өкіл арқылы іскерлік қатынастар орнатуға, карталарды шығаруға және қайта шығаруға тыйым салу, төлқұжаттың фотосуреті бойынша биометрияны қолдана отырып, клиентті екі факторлы идентификаттауды жүргізу, «бір қолда бір төлем карточкасының болу» өлшемшартын бақылау, ел аумағында болу заңдылығын тексеру, картаны шығарған және қайта шығарған сәттен бастап алғашқы 3 айда кіріс және шығыс транзакцияларына күшейтілген мониторинг жүргізу бөлігінде бақылауды күшейту бойынша банктерге қойылатын талаптар;
- дропперлік операцияларды анықтау және бұғаттау және төлем карточкаларын бақылаусыз шығаруды болдырмау мақсатында банктердің Қазақстан Ұлттық Банкінің Антифрод-орталығымен өзара іс-қимылын кеңейту.
Қаулы жобасымен «Ашық НҚА» интернет-порталында және Агенттіктің ресми интернет-ресурсында танысуға болады.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы