GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Байланыс ақпараты
Құжаттар
Қызметі
Агенттік туралы
Баспасөз ақпараты
Қаржы нарықтары
Онлайн қабылдау
Кадрлық тағайындаулар
Сақтандыру секторы
Өзге қаржы ұйымдары
Все материалы
Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау
20 октября 2026
Әскери қызметшілерге арналған кредиттер бойынша төлемді кейінге қалдыру: нені білу керек?

Агенттік мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтарға банктік қарыздар мен микрокредиттер бойынша төлемді кейінге қалдыру тәртібі туралы еске салады.

Төлемді кейінге қалдыру мерзімді қызметтің барлық кезеңіне және ол аяқталғаннан кейін тағы  күнтізбелік 60 күнге автоматты түрде беріледі.

Төлемдік кейінге қалдыру кезеңінде негізгі борыш пен сыйақы бойынша төлемдер тоқтатыла тұрады. Бұл ретте кейінге қалдыру кезеңі үшін сыйақы есептелмейді.

Банкке немесе микроқаржы ұйымына (МҚҰ) жеке жүгіну, өтініш беру, әскери комиссариаттан анықтама беру не кредиттік шартқа қосымша келісімге қол қою талап етілмейді.

Мерзімді қызметке шақыру және одан босату туралы мәліметтер Қорғаныс министрлігінің, кредиттік бюролардың және қаржы ұйымдарының ақпараттық өзара іс-қимылы шеңберінде кредиторларға беріледі.

Төлемді кешіктіру әскерге шақырғанға дейін болса, не істеу керек?

Өндіріп алу рәсімдері басталған берешекке қатысты заңнамада белгіленген жағдайларда мерзімді қызметті өткеру кезеңіне тиісті рәсімдерді тоқтата тұру да көзделген.

Әскери қызмет аяқталғаннан кейін берешек сақталады. Сондықтан әскерге шақырылғанға дейін кредиттік міндеттемелеріңіздің жай-күйін тексеріп, қажет болған жағдайда оларды реттеу бойынша шаралар қабылдау ұсынылады.

Мерзімді қызмет кезінде жаңа кредиттер берілмейді

2025 жылғы 31 тамыздан бастап мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне жаңа банктік қарыздар мен микрокредиттер беруге тыйым салынады. Өтінімді қарау кезінде банк немесе МҚҰ кредиттік бюро арқылы азаматтың мәртебесін тексереді. Кредиттік есепте мерзімді қызметті өткеру туралы ақпарат болған кезде кредитор жаңа қарыз немесе микрокредит бермейді.

Төлемді автоматты түрде кейінге қалдыру тетігі 2024 жылғы тамыз айынан бастап қолданылатынын еске саламыз. «Мемлекеттік кредиттік бюро» АҚ-тың деректері бойынша 2024 жылғы тамыздан бастап 2026 жылғы 1 маусымға дейін жалпы сомасы 23,5 млрд теңгеге қарыздар бойынша мерзімді қызметтің 82,1 мың әскери қызметшісінің төлемдері кейінге қалдырылды.

2026 жылғы бірінші жартыжылдықтда 30 мың әскери қызметшінің жалпы сомасы 7,5 млрд теңгеге қарыздары бойынша төлемдері кейінге қалдырылды.

Әскерге шақырар алдында әскери қызметшілерге барлық кредиттік міндеттемелер туралы ақпараттың бар-жоғын және өзектілігін тексеру үшін кредиттік есебін тексеру ұсынылады.

Маңызды: Төлемді кейінге қалдыру берешекті есептен шығаруды білдірмейді. Белгіленген кезең аяқталғаннан кейін кредит бойынша міндеттемелер сақталады және қарыз алушы оларды орындауды жалғастыруы керек.

Барынша пайдалы материал Fingramota.kz.сайтында қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Банк секторы
19 октября 2026
Агенттікпен Екінші деңгейдегі банктердің басшы қызметкерлері келісілді

Касенов Канат Маратович «Нұрбанк» АҚ басқарма мүшесі лауазымына келісілді (12.10.2026 ж. №73/БВУ/Т хаттама).

Санжар Еркебайұлы Жамалов «Отбасы банк» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы қызметіне бекітілді (15.10.2026 ж. №74/БВУ/T хаттама).

Бағалы қағаздар нарығы және зейнетақы активтерін басқару
19 октября 2026
Агенттік бағалы қағаздар нарығындағы басшы қызметкерді келісуден бас тартты

Агенттік бағалы қағаздар нарығындағы келесі басшы қызметкерді келісуден бас тартты:

  1. Мырзахметов Нұрсултан Сапаралиевич бағалы қағаздар нарығындағы өзге басшы қызметкер лауазымына (2026 жылғы 15 қазандағы №346/РЦБ/Т хаттамасы).
Бағалы қағаздар нарығы және зейнетақы активтерін басқару
19 октября 2026
Агенттікпен бағалы қағаздар нарығындағы басшы қызметкерлері келісілді

Агенттікпен бағалы қағаздар нарығындағы басшы қызметкерлері келісілді:

  1. Жекебаев Дастан Ермуханбетұлы «Банк ЦентрКредит» АҚ еншілес ұйымы «BCC Invest» АҚ атқарушы органы басшысының орынбасары, атқарушы органының мүшесі лауазымына (2026 жылғы 16 қазандағы №348/РЦБ/Т хаттамасы);
  2. Ордабаева Азиза Сериковна бағалы қағаздар нарығындағы атқарушы органының басшысының орынбасары, атқарушы органының мүшесі лауазымына (2026 жылғы 16 қазандағы №350/РЦБ/Т хаттамасы);
  3. Жадаев Алмат Самарханович «ForteFinance» АҚ атқарушы органының басшысының орынбасары, атқарушы органының мүшесі лауазымына (2026 жылғы 16 қазандағы №349/РЦБ/Т хаттамасы);
  4. Нұрымов Чингис Бахытович бағалы қағаздар нарығындағы атқарушы органның мүшесі лауазымына (2026 жылғы 15 қазандағы №347/РЦБ/Т хаттамасы).
Бағалы қағаздар нарығы және зейнетақы активтерін басқару
17 октября 2026
Мәдина Әбілқасымова ішкі капитал нарықтарын дамыту мәселелерін талқылауға арналған дөңгелек үстелге қатысты

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Бангкокта (Таиланд) өткен Жыл сайынғы кездесулері аясында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Жеке капиталды тарту үшін ішкі капитал нарықтарын дамыту: реттеушілер мен нарыққа қатысушылардың көзқарасы» (Deepening Domestic Capital Markets to Unlock Private Capital: High-Level Roundtable on Policy and Market Perspectives) атты жоғары деңгейдегі дөңгелек үстелге қатысты.
Іс-шараға қатысушылар экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыруды кеңейту, институционалдық инвесторлар базасын нығайту және ішкі нарықтарға жеке капитал тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау шараларын талқылады.
Агенттік Төрағасы өз сөзінде капитал нарығын дамыту үшін институционалдық инвесторлардың орнықты базасын қалыптастыру қажет екенін атап өтті. Жеке басқарушы компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуын кеңейту инвестициялық стратегияларды әртараптандыруға және отандық бизнесті ұзақ мерзімді қаржыландыру мүмкіндіктерін арттыруға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша сенімді кірістілік деңгейін қалыптастыруға ерекше назар аударылды. Ол ішкі нарықтағы қарыз алу құнын бағалаудың негізгі бағдары болып табылады. Табиғи ресурстарға бай елдер үшін мемлекеттік қарыз қаражатына деген қажеттілік шектеулі болған жағдайда да бұл міндет өзектілігін сақтайды. Ұзақ мерзімді мемлекеттік облигацияларды тұрақты шығару корпоративтік эмитенттер мен инвесторлар үшін баға бағдарларын қалыптастыруға ықпал етеді.
Агенттік Төрағасы шетелдік инвестицияларды тарту үшін макроэкономикалық тұрақтылықты, болжамды реттеушілік ортаны және сенімді инфрақұрылымды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. Қазақстанда орталық контрагентті қоса алғанда, заманауи нарық инфрақұрылымының негізгі элементтері қалыптастырылған. Халықаралық есеп айырысу байланыстарын одан әрі дамыту, оның ішінде Euroclear жүйесіне қосылу жөніндегі жоспар шетелдік инвесторлардың қазақстандық қаржы құралдарына қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.
Отандық компаниялардың капитал нарығына шығуын ынталандыру мәселесі де талқыланды. Нарықтық инфрақұрылым мен реттеушілік базаның қалыптасқанына қарамастан, корпоративтік қаржы құралдары ұсынысының жеткіліксіздігі негізгі шектеулердің бірі болып отыр. Компаниялар акциялар мен облигациялар орналастыруға қарағанда, банктік кредиттерді пайдалануды әлі де басым көреді.
Капитал нарығы қазақстандық компаниялар үшін ұзақ мерзімді қаржыландырудың толыққанды көзіне айналуға тиіс екені атап өтілді. Ол үшін қор биржасына шығуды, бизнестің ашықтығын арттыруды және акциялар мен облигациялар шығару арқылы қаражат тартуды жеке сектор үшін тартымды ететін жағдайлар қалыптастыру маңызды.
Осыған байланысты Агенттік Дүниежүзілік банкпен және Халықаралық қаржы корпорациясымен (IFC) бірлесіп, Қазақстанның орта және ірі жеке компанияларын IPO-ға дайындау жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар отандық эмитенттер үшін облигациялық қаржыландырудың тартымдылығын арттыру шаралары қарастырылуда.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

 
17 октября 2026
Агенттік пен IOSCO Қазақстанның капитал нарығын реформалау мәселесін талқылады

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Бангкок қаласында (Таиланд) өткен жыл сайынғы кездесулері аясында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Бағалы қағаздар жөніндегі комиссиялардың халықаралық ұйымының (IOSCO) Бас хатшысы Родриго Буэнавентурамен кездесу өткізді.

Тараптар Қазақстанның капитал нарығын дамыту перспективаларын, заңнаманы жетілдіру және реттеудің халықаралық стандарттарын енгізу саласындағы одан әрі ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында отандық қор нарығын дамытудың негізгі нәтижелері мен алдағы жылдарға арналған басым міндеттер таныстырылды.

2026–2030 жылдарға арналған Капитал нарығын дамыту бағдарламасының жобасына және «Капитал нарығы туралы» жаңа Заң жобасына ерекше назар аударылды. Жоспарланған реформалардың негізгі бағыттарына нарықтық инфрақұрылымды жетілдіру, нарықтың ашықтығын арттыру және инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейту кіреді.

Сондай-ақ цифрлық қаржы активтерін, оның ішінде токендендірілген құралдарды реттеу тәсілдері қарастырылды. Реттеудің негізгі қағидаты — қолданылатын технологияларға қарамастан, қызмет түрлері мен тәуекелдері ұқсас салаларға бірыңғай тәсілді қолдану.

Тараптар реттеу мен қадағалау жүйесін жетілдіру, инвесторлардың сенімін арттыру және Қазақстанның капитал нарығын орнықты дамыту мақсатында IOSCO-мен одан әрі ынтымақтастық орнату мен тәжірибе алмасудың маңыздылығын баса атап өтті.

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту
15 октября 2026
Агенттік пен ЕҚДБ Қазақстанның капитал нарығын және сақтандыру секторын дамытудағы ынтымақтастықты талқылады

Халықаралық Валюта Қоры мен Дүниежүзілік банк Тобының Бангкоктағы (Таиланд) Жыл сайынғы кездесулері аясында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова Еуропалық Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) Президенті Одиль Рено-Бассомен кездесу өткізді.

Кездесу барысында Қазақстанның қаржы нарығында іске асырылған ауқымды заңнамалық және реттеушілік қайта құрулардың негізгі нәтижелері талқыланды. Капитал нарығын және сақтандыру секторын дамытудың дайындалған бағдарламаларының негізгі бағыттарына, сондай-ақ аталған салаларда жоспарланған заңнамалық бастамаларға ерекше назар аударылды.

«Біздің басты міндетіміз – экономиканы қаржыландырудағы капитал нарығының рөлін арттыру. Ол үшін жеке қазақстандық компаниялардың IPO-ға шығуы, ШОБ-тың нарықтық қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту, борыштық құралдар мен деривативтер нарығын дамыту жөніндегі шаралар көзделген. Нарық өтімділігін арттыруға және институционалдық инвесторлардың қатысуын кеңейтуге ерекше көңіл бөлінеді», – деп атап өтті Агенттік Төрағасы.

ЕҚДБ-ның капитал нарығы мен сақтандыру нарығын реттейтін жаңа заңдар шеңберінде халықаралық стандарттар мен үздік халықаралық практикаларды енгізудегі маңызды рөлі атап өтілді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Қаржы нарығын реттеу және дамыту
15 октября 2026
Агенттік басшысы ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен кездесті

13 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова бастаған делегациясы Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) және Дүниежүзілік банк Тобының Бангкоктағы (Таиланд) Жыл сайынғы кездесулеріне қатысуда.

ХВҚ басқарушы директоры Кристалина Георгиевамен кездесу өтті. Тараптар Қазақстанның қаржы секторының ағымдағы жай-күйін, оны одан әрі дамыту перспективалары мен реформалау бағыттарын, қаржылық тұрақтылық пен екіжақты өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады. Агенттік Төрағасы Банктер туралы жаңа заңды әзірлеу аясында ХВҚ-ның сындарлы ынтымақтастығы мен техникалық көмегін атап өтті.

Сонымен қатар Мәдина Әбілқасымова ХВҚ басқарушы директорының орынбасары Бо Лидің қатысуымен Кавказ және Орталық Азия елдерінің министрлері мен орталық банктері басшыларының кездесуіне қатысты. Тараптар өңірлік интеграция үшін орнықты қаржы секторының маңыздылығын, банктерді реттеуді жетілдіруді және озық қадағалау практикаларын енгізуді талқылады.

Алматыда орналасқан Кавказ, Орталық Азия және Моңғолия елдеріне арналған өңірлік техникалық көмек орталығымен (CCAMTAC) өзара іс-қимылға ерекшеназар аударылды. 

ХВҚ өкілдерімен кездесулер барысында капитал нарығында және сақтандыру секторында тәуекелге бағдарланған толыққанды қадағалауды енгізу мәселесі де қаралды. Тараптар секторларды реформалауға бағытталған капитал нарығы және сақтандыру туралы жаңа заңдарды әзірлеу кезіндегі одан әрі сараптамалық өзара іс-қимылды талқылады.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Бағалы қағаздар нарығы және зейнетақы активтерін басқару
15 октября 2026
Қазақстан халықаралық инвесторларға капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі басымдықтарын ұсынды

Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк тобының Бангкок қаласында (Таиланд) өткен Жыл сайынғы кездесулері аясында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов Ұлттық Банк басшылығымен бірлесіп, JP Morgan және Citibank алаңдарында бірқатар кездесулер өткізді.

Өз сөзінде Н. Тұрсынханов Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін Агенттіктің Ұлттық Банкпен бірлесіп әзірлеген Капитал нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.

Бағдарлама бизнес үшін қаржыландыруды тарту мүмкіндіктерін кеңейтуге, бағалы қағаздарға орнықты ішкі сұранысты қалыптастыруға, нарық өтімділігін арттыруға және инвесторларды қорғауды күшейтуге бағытталған.

«Бағдарлама бір мезгілде нарықтың екі жағын да қамтиды: орнықты ішкі институционалдық сұранысты қалыптастыру және сапалы бағалы қағаздар ұсынысын кеңейту. Бұл бағыттар бір-бірін өзара күшейтеді: институционалдық сұраныс эмитенттердің нарыққа шығуына ынталандырады, ал жаңа эмитенттердің тұрақты түрде пайда болуы инвесторлардың қаражатын салу мүмкіндіктерін кеңейтеді», – деп атап өтті Н.Тұрсынханов.

АгенттікТөрағасының орынбасары Қазақстанда капитал нарығын дамытудың жаңа кезеңі үшін қажетті алғышарттар қалыптасқанын атап өтті. Биржалық, клирингтік және есептік инфрақұрылым жаңғыртылды, қаржы құралдарының желісі кеңейтілуде, ал қаржылық қызметтерді цифрландыру бөлшек инвесторлардың қатысуының өсуіне ықпал етеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша айналыстағы борыштық бағалы қағаздардың көлемі 58 трлн теңгеге жетті, акциялар нарығын капиталдандыру – шамамен 42трлн теңге.

«Біздің міндетіміз – жаңа орналастырулар, жария компаниялар аясын кеңейту және еркін айналыстағы акциялар үлесін ұлғайту есебінен капитал нарығының сапалы өсуін қамтамасыз ету. Бағдарлама қазақстандық бизнесті қаржыландыру үшін қосымша мүмкіндіктер жасай отырып, институционалдық сұраныс пен сапалы қаржы құралдарын ұсынуды бір мезгілде дамытуды көздейді»,– деп атап өтті Н.Тұрсынханов.

Негізгі бағыттардың бірі жеке отандық басқарушылардың зейнетақы активтерін басқаруға қатысуын кеңейту болады. Ұлттық Банктің зейнетақы портфелінің бір бөлігін мемлекеттік бағалы қағаздардан бастап конкурстық негізде лицензияланған басқарушыларға кезең-кезеңімен беру көзделеді. Бұл ретте тәуекелдерді басқаруға, ішкі бақылауға және ақпаратты ашып көрсетуге қойылатын бірыңғай талаптар белгіленетін болады, ал активтерді сақтауды тәуелсіз кастодиан басқарушылардың өз қаражатынан бөлек жүзеге асыратын болады. 2030 жылға қарай жеке отандық компаниялардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің үлесін 20-30%-ға дейін жеткізу жоспарлануда.

Бизнестің қор нарығына қолжетімділігін кеңейту үшін Бағдарлама Орталық депозитарий базасында «бірыңғай терезе» құруды, құжаттарды қатар қарауды және бағалы қағаздарды шығару рәсімдерін оңайлатуды көздейді. Бұл облигациялық шығарылымдарды дайындау мерзімін 3-6 айдан 1-2 айға дейін қысқартуға және эмитенттердің шығыстарын азайтуға мүмкіндік береді. Облигациялық бағдарламаларды, ішінара кепілдік беру және секьюритилендіру тетіктерін дамыту, сондай-ақ ұлттық рейтингтік агенттік құру қосымша құралдар болады.

Жеке компанияларды IPO-ға дайындауға ерекше назар аударылады. Бірыңғай цифрлық терезені енгізу, ірі жеке компанияларды биржаға шығаруға дайындаудың ұлттық бағдарламасын іске қосу және шағын және орта бизнесті кәсіби сүйемелдеу үшін листингтік демеушілер институтын дамыту жоспарлануда. Ішкі нарықта орналастыру үшін салықтық ынталандыру еркін айналыстағы акциялардың нақты үлесімен байланысты болады.

Өтімділікті арттыруға бағалы қағаздармен кредиттеуді (securities lending) дамыту, жабылған қысқа сатылымдарды кезең-кезеңімен енгізу және маркет-мейкерлер мен бастапқы дилерлердің қызмет жағдайларын жетілдіру ықпал ететін болады. Сондай-ақ биржадан тыс мәмілелердің ашықтығын арттыру көзделген. Нәтижесінде 2030 жылға қарай борыштық бағалы қағаздар нарығының айналымын 20-25%-ға дейін, акциялар нарығының айналымдылығын 5-10%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. 

Нарықтық тетіктерді дамытумен қатар Бағдарлама инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтуді көздейді. Негізгі шараларға облигацияларды ұстаушылар өкілінің өкілеттіктерін кеңейту, берешекті қайта құрылымдаудың ұжымдық рәсімдерін жетілдіру және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарларын алдын ала келісу тетіктерін енгізу кіреді. Бұл ретте келіспейтін кредиторларды банкроттық кезіндегіден кем емес өтем алу қағидаты негізінде қорғау қамтамасыз етілетін болады.

Бағдарламаны іске асыру капиталдың неғұрлым терең және өтімді нарығын қалыптастыруға, экономиканы ұзақ мерзімді қаржыландыру көздерін кеңейтуге және Қазақстанның отандық және халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығын арттыруға бағытталған.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау
15 октября 2026
Қарыз алушы қайтыс болған жағдайда ипотекалық кредит бойынша міндеттемелерді реттеу туралы

Ипотекалық қарыз ресімдеу кезінде кредит беру шарттарын ғана емес, сондай-ақ қарыз алушы қайтыс болған жағдайда туындауы мүмкін құқықтық салдарды да түсіну маңызды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотекалық қарыздар бойынша міндеттемелерді мұраға қабылдау тәртібін, мұрагерлердің құқықтары мен міндеттерін, сондай-ақ мұндай жағдайларда банк алдындағы міндеттемелерді орындау ерекшеліктерін түсіндіреді.

Азаматтық кодекске сәйкес мұраның құрамына мұра қалдырушыға тиесілі мүлік, сондай-ақ мүліктік құқықтар мен міндеттер кіреді. Осыған байланысты банктік қарыз шарты, оның ішінде ипотека бойынша міндеттемелер қарыз алушының қайтыс болуына байланысты тоқтатылмайды және кепілге берілген жылжымайтын мүлікті қоса алғанда, мұра қабылданғаннан кейін мұраға қалатын мүлікке қатысты құқықтармен бір уақытта мұрагерлерге өтеді.

Мұрагерлердің ипотекалық кредит бойынша жауапкершілігі

Кредиторлар өсиетті орындаушыға (мұраны сенімгерлікпен басқарушыға) не мұрагерлерге мұра қалдырушының міндеттемелерінен туындайтын талаптарды қоюға құқылы. Мұра қабылданғаннан кейін мұрагерлер мұра қалдырушының қарыздары бойынша ортақ борышкерлер ретінде жауап береді. Бұл ретте әрбір мұрагердің жауапкершілігі оған мұрагерлік тәртібімен өткен мүліктің құнымен шектеледі.

Қарыз алушы қайтыс болғаннан кейін ипотекалық кепілді сақтау

Қарыз алушының қайтыс болуы ипотеканы тоқтатпайды. Ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелер мұраның құрамына кіретіндіктен және мұрагерлерге өтетіндіктен кепіл мүлкі мұрагерлерге мұрагерлік тәртібімен өткен құқықтар мен міндеттер көлемі шегінде қарыз бойынша міндеттемелер толық орындалғанға дейін сақталады.

Кредиторлар өз құқықтарын қорғаудың заңнамада көзделген тәсілдерін іске асыруға құқылы. Атап айтқанда, мұрагерлер мұраны қабылдаған, бірақ мүлікті не мұраның құрамына кіретін мүлікке құқықтарды тіркеуден жалтаратын жағдайларда, кредиторлар мұндай тіркеуді мәжбүрлеу тәртібімен жүзеге асыруды талап етуге құқылы.

Кепіл мүлкін өндіріп алу мәселелері заңнамаға, банктік қарыз шартының және ипотека шартының талаптарына сәйкес әрбір жағдайдың нақты мән-жайларын ескере отырып шешіледі.

Егер мұрагерлер болмаса немесе мұрадан бас тартса не істеу керек?

Өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер болмаған жағдайларда мұрагерлердің ешқайсысы мұрагерлік етуге құқығы жоқ не барлық мұрагерлер мұрадан бас тартса, мұра иесіз қалған мүлік деп танылады.

Мұндай мүлік заңнамада белгіленген тәртіппен мұра ашылған жер бойынша коммуналдық меншікке өтеді.

Бұл ретте, мүліктің коммуналдық меншікке ауысуы мұра қалдырушының кредиторлар алдындағы міндеттемелерін тоқтатпайды және оларды заңнамада көзделген тәртіппен және шекте талаптар қою құқығынан айырмайды.

Мұраға кіргеннен кейін ипотекалық кредитті реттеу мерзімдері

Мұраны қабылдау үшін жалпы мерзім мұра ашылған күннен бастап алты айды құрайды. Мұрагерлiк құқықтарды ресiмдеу кезеңiнде банк мұрагерлердiң шеңберiн айқындау және олардың мұраға кiру сәтiне дейiн сыйақыны, тұрақсыздық айыбын (айыппұлдарды, өсiмпұлдарды) және мiндеттемелердi орындау мерзiмiн өткiзiп алуға байланысты өзге де төлемдердi есептеудi тоқтата тұру туралы мәселенi қарауға тиiс.

Мұра қабылданғаннан кейін ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерді одан әрі орындау банктік қарыз шартының талаптарына, төлемдер кестесіне және ипотека шартына сәйкес жүзеге асырылады.

Банк ипотеканы мерзімінен бұрын өтеуді талап ете ала ма?

Ипотекалық қарызды мерзімінен бұрын өтеу туралы талап заңнамада және банктік қарыз шартының талаптарында көзделген жағдайларда ғана қойылуы мүмкін.

Қарыз алушының қайтыс болу фактісінің өзі банкке ипотекалық кредит бойынша міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындауды талап етуге шартсыз құқық бермейді. Бұл ретте мұрагерлер борышкердің кепіл мүлкіне құқықты қабылдаған жағдайда қарыз алушының қайтыс болуы міндеттемені тоқтату үшін негіз болып табылмайды.

Қоса қарыз алушылар мен кепілгерлердің міндеттемелері

Егер ипотекалық қарыз бойынша қоса қарыз алушылар болса, олардың мiндеттемелерi банктiк қарыз шартында көзделген көлемде сақталады. Егер заңнамада немесе шартта өзгеше көзделмесе, кепілдік және кепілгерлік олар қамтамасыз еткен міндеттеменің тоқтатылуымен, сондай-ақ заңнамада көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.

Осылайша, қарыз алушының қайтыс болуы ипотекалық қарыз бойынша міндеттемелерді автоматты түрде тоқтатуға алып келмейді. Мұндай мiндеттемелер бойынша құқықтар мен мiндеттер азаматтық заңдарда белгiленген тәртiппен мұрагерлерге өтеді, ал мiндеттемелердi одан әрi орындау жасалған шарттардың талаптары мен әрбiр жағдайдың нақты мән-жайлары ескерiле отырып жүзеге асырылады.

Көптеген пайдалы материалдар Fingramota.kz. сайтында қолжетімді.

 

Сыртқы коммуникациялар басқармасы

press@finreg.kz

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы