Сақтандыру секторы мәселелері бойынша тоқсан сайынғы кездесу өткізу туралы

2022 жылғы 19 шілдеде Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Төрағасы Мәдина Әбілқасымова сақтандыру ұйымдары басшыларының, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі және Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен кездесу өткізді.
Кездесуге қатысушылар бірінші жартыжылдықтың қорытындылары мен ағымдағы жылы сақтандыру ұйымдары тап болған сын-қатерлерді талқылады. Сақтандыру секторы қаржылық орнықтылықты сақтағаны атап өтілді. Сектор бойынша төлем қабілеттілігі нормативі 2022 жылдың басымен салыстырғанда сыртқы күйзелістердің әсерімен төмендегеніне (2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша – 6,3) қарамастан, ағымдағы жылғы 1 шілдеде ең аз мәні 1 болған кезде 4,6 болды.
Сақтандыру ұйымдарының активтері 2022 жылғы 6 айда 7,7%-ға ұлғайып, 1 шілдеде 2,0 трлн теңгені, ал сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 6%-ға өсіп, 395 млрд теңгені құрады.
Сақтандыру секторы сыртқы геосаяси тәуекелдердің әсеріне тұрақтылығын көрсетті. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында сақтандырушылар ресейлік эмитенттер мен қайта сақтандырушылар рейтингтерінің төмендеуіне байланысты инвестициялық және қайта сақтандыру портфельдерін қайта құрылымдау бойынша іс-шаралар жүргізді.
Кездесу барысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын реттеу мен дамыту, банк қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен (бұдан әрі – Заң) енгізілген новеллалар талқыланды.
Заңға Мемлекет басшысы 12 шілдеде қол қойды және жаңа сақтандыру өнімдерін енгізу, қызметтерді одан әрі цифрландыру, тұтынушылардың құқықтарын қорғау сапасын арттыру, қолданыстағы заңнаманы ең үздік халықаралық практикаларға әйкес келтіру арқылы сақтандыру нарығын одан әрі дамыту үшін заңнамалық жағдайлар жасайды. Атап айтқанда, мыналар көзделеді:
- сақтандырудың кепілдік берілетін сыныптарының тізбесіне барлық міндетті және әлеуметтік маңызы бар сыныптарды енгізу;
- сақтандыру омбудсманының мәртебесін арттыру;
- өмірді жинақтаушы сақтандырудың әлеуметтік маңызы бар өнімдерін енгізу;
- азаматтарға зейнетақы аннуитеті шарттары бойынша ақшаны БЖЗҚ-ға ішінара кері қайтару мүмкіндігін беру;
- сақтандыру жағдайларын онлайн реттеуді енгізу;
- сақтандыру төлемдерін ресімдеуді жеңілдететін Еурохаттаманы енгізу;
- міндетті автосақтандыруда икемді тарифтеуге өту.
Заң нормаларын іске асыру саланың техникалық инфрақұрылымын жетілдіру және тиісті бағдарламалық-техникалық қамтылымды әзірлеу бөлігінде осы және келесі жылы дайындық жұмысын жүргізуді талап етеді.
Сақтандыру секторы бойынша заң нормаларын іске асыру үшін 15 нормативтік құқықтық акт дайындалып, оларды ағымдағы жылғы қыркүйек пен қазан айларында қабылдау жоспарланып отыр.
Кездесу барысында Агенттік, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі мен Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы сақтандыру ұйымдарының 2023 жылдан бастап 17-Халықаралық қаржылық есептілік стандартына (бұдан әрі – 17-ХҚЕС) өтуі бойынша бірыңғай тұжырымдамалық тәсілдерді әзірлеу жөніндегі уағдаластыққа қол жеткізді.
Кездесуге қатысушыларға Агенттіктің 17-ХҚЕС бойынша сақтандыру міндеттемелерін бағалау бойынша сақтандыру ұйымдарына арналған ұсынымдар жобасын дайындауы туралы хабарланды.
Көрсетілген бағыттарды Агенттік Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы мен сақтандыру ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықта іске асыратын болады.
Аналитикалық ақпарат:
https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/328043?lang=kk
https://www.gov.kz/memleket/entities/ardfm/documents/details/328045?lang=kk
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237-10-89, press@finreg.kz