Агенттік басшылығы Astana Finance Days сессияларына қатысты

Astana Finance Days шеңберінде өткен Жасыл өсу форумы шеңберінде банк секторындағы ESG (Environmental, Social, and Corporate Governance) практикалары, реттеушілердің жоспарлары, есептіліктің жаңа стандарттары және климаттық тәуекелдер талқыланды.
«Банкингтегі ESG-дің өзгергіш әлеуеті және климаттық тәуекелдер» сессиясында ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова орнықты даму қағидаттарына көшу және «жасыл» қаржыландыру үлесін арттыру негізгі жаһандық үрдіс болып табылатынын атап өтті. ESG халықаралық қағидаттары мен стандарттарына сәйкес экономиканы өзгерту сыртқы қаржыландыруды тартудың міндетті шарты болып табылады.
Агенттік Төрағасы екінші деңгейдегі банктер үшін экологиялық және әлеуметтік тәуекелдерді басқару бойынша нұсқауларды енгізу жоспарларымен бөлісті. Агенттік қазірдің өзінде қаржы секторында ESG стандарттарын енгізу жөніндегі жол картасын әзірледі, ол бірінші кезеңде қаржы ұйымдарының ESG-тәуекелдері мен олардың әсері жөніндегі ақпаратты ерікті түрде ашуы жөніндегі ұсынымдарды қамтиды. 2024 жылдан бастап ESG-тәуекелдерін банк секторының жыл сайынғы стресс-тестілеу процесіне қосу жоспарлануда. «Қазақстандық бес банк орнықты даму бойынша өздерінің жылдық есептілігінде ESG-ақпаратты ашуды жоғары деңгейде жүзеге асыруда», - деп атап өтті Мәдина Әбілқасымова.
Нәтижесінде, ESG-тәуекелдер қаржы ұйымдарын қадағалау жүйесіне біріктірілетін болады. ESG-тәуекелдер мониторингі банктер бойынша SREP (Supervisory Review and Evaluation Process) жыл сайынғы қадағалау бағалауы шеңберінде жүзеге асырылатын болады.
Қадағалап стресс-тестілеу шеңберінде Агенттік 2024 жылы қаржы ұйымдары үшін ESG-тәуекелдердің стресс-тестілеуін өткізуді жоспарлап отыр. Стресс-тест әдіснамасы мен сценарийлері 2023 жылы әзірленеді.
Көрсетілген кезеңдерді іске асыру үшін Агенттік орнықты даму қағидаттарын іске асыру жөніндегі құқықтық базаны құру бойынша халықаралық қаржы ұйымдарымен белсенді ынтымақтастық жасайды.
Атап айтқанда, 2022 жылғы сәуірде Агенттік ESG бойынша IFC-пен (The International Finance Corporation) ынтымақтастық туралы шарт жасасты. Қазақстанда орнықты және «жасыл» қаржыландыруды енгізу жөніндегі Жол картасын әзірлеу, сондай-ақ жасыл таксономияны халықаралық стандарттарға сәйкес келтіру жоспарлануда. IFC-пен бірлесіп қаржы ұйымдары үшін ESG тәуекелдерін басқару жөніндегі нұсқаулық пен ESG тәуекелдері бойынша ақпаратты ашу жөніндегі нұсқаулық әзірленеді.
«Қазақстанда 2021 жылдан бері орнықты қаржыландыру құралдары: «жасыл», әлеуметтік облигациялар, орнықты даму облигацияларын шығаруға қажетті құқықтық орта қалыптасты»,- деп атап өтті Агенттік Төрағасының орынбасары Мария Хаджиева «Жасыл капитал нарықтарын дамыту бойынша өңірлік ынтымақтастық» сессиясының шеңберінде.
Мария Хаджиеваның айтуынша, бүгінгі күні орнықты дамумен байланысты облигациялар нарығының мөлшері 200 млн АҚШ долларынан (95,8 млрд теңге) асып түседі. KASE-де аталған облигациялардың көлемі 125 млн АҚШ долларын құрайды. Эмитенттер Азия даму банкі (79 млн АҚШ доллары), Еуразиялық даму банкі (43 млн АҚШ доллары), ДАМУ қоры (2,2 млн АҚШ доллары) болып табылады.
Жалпы алғанда, ESG қағидаттарын реттеуге біртіндеп ықпалдастыруды іске асыру әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан жауапты қаржы жүйесін құруды қамтамасыз етеді, сондай-ақ ESG-қағидаттарына негізделген инвесторларды тарту арқылы қаржы ұйымдарының халықаралық капитал нарығына қолжетімділігін кеңейтеді.
Агенттіктің Сыртқы коммуникациялар басқармасы
+7 (727) 237 1089, press@finreg.kz