Қазақстан қаржыгерлерінің XIV Конгресінде сақтандыру нарығының жүйелі реформалары талқыланды
Қазақстан қаржыгерлерінің XIV Конгресінің аясында сақтандыру саласын реформалаудың негізгі бағыттарына, жаңа сақтандыру өнімдерін дамытуға және азаматтар мен бизнесті қорғау тетіктерін кеңейтуге арналған «Сақтандыру: реттеушінің күтулері және сақтандыру нарығының шындығы» сессиясы өтті. Сессияға Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов және сақтандыру компанияларының басшылары қатысты.
Сессия қатысушылары Агенттіктің Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірлеген Сақтандыру нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасының негізгі бастамаларын, сондай-ақ Сақтандыру нарығы туралы жаңа заң жобасының ережелерін қарастырды. Нұржан Тұрсынханов атап өткендей, соңғы жылдары Қазақстанның сақтандыру нарығы айтарлықтай өсуді көрсетті. 2022 жылдың басынан бастап сақтандыру ұйымдарының активтері 2,6 есеге – 1,8 трлн теңгеден 4,8 трлн теңгеге дейін ұлғайды. Аталған кезең ішінде сақтандыру сыйлықақыларының көлемі 2,4 есеге – 591,7 млрд теңгеден 1,4 трлн теңгеге дейін өсті, ал сақтандыру төлемдері 3,1 есеге – 135,9 млрд теңгеден 417,9 млрд теңгеге дейін ұлғайды.
Сонымен қатар, сақтандырудың экономикаға ену деңгейі салыстырмалы түрде төмен болып қалуда. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы сақтандыру сыйлықақыларының ЖІӨ-ге қатынасы 1,22%-ды құрады, ал орташа әлемдік көрсеткіштер бойынша дамушы елдерде 2,7%-ды және дамыған елдерде 6,7%-ды құрады. Бұл, ең алдымен, жаппай және қолжетімді сақтандыру өнімдері есебінен халық пен бизнесті сақтандыруды одан әрі кеңейту қажеттілігін айғақтайды.
Сақтандыру нарығын дамыту бағдарламасы 6 стратегиялық бағыт пен 18 бастамадан тұрады. Негізгі бағыттардың бірі икемді реттеумен міндетті сақтандырудың бірыңғай моделіне көшу болады. Тарифтік дәлізді белгілеу көзделеді, оның шеңберінде сақтандыру ұйымдары клиенттердің жеке тәуекелдерін ескеріп, тарифтерді дербес түрде анықтай алады. Бұл тарифтік саясаттың атаулы болуын арттыруға және сақтандырудың біршама әділ құнын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Міндетті автосақтандыруды жетілдіруге ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, сақтандыру жағдайларын тікелей реттеу тетігін енгізу жоспарлануда, аталған жағдайда жол-көлік оқиғасында зардап шеккен адам апатқа кінәлі адам жауапкершілігінің қайда сақтандырылғанына қарамастан өзінің сақтандыру ұйымына тікелей жүгіне алады. Алдағы уақыттағы барлық өзара есеп айырысулар сақтандырушылар арасында жүргізіледі. Сондай-ақ, азаматтарға залалды өтеу нысанын, яғни ақшалай төлемді алу не автокөлікті сақтандырушының техникалық жөндеу орталығына жөндеуге жіберу құқығын таңдау құқығын беру ұсынылады. Залалды бағалаудың объективтілігін арттыру үшін Сақтандырушылар қауымдастығы қосалқы бөлшектер мен жөндеу жұмыстарына бағалардың бірыңғай анықтамалығын жүргізетін болады.
Реформалау қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыруға да әсер етеді. Актуарлық есептеулер негізінде кәсіптік тәуекелдерді бағалау және сақтандыру тарифтерін есептеу әдістемесін жетілдіру жоспарланып отыр.
Ерікті сақтандыруды кеңейту реформаның маңызды бағыты болады. Атап айтқанда, кепілдік берілген өмір бойғы төлемдерді инвестициялық құрамдас бөлікпен үйлестіретін зейнетақы аннуитеттерінің жаңа түрлерін енгізу көзделіп отыр. Азаматтар өздерінің қаржылық мақсаттарына сүйене отырып, кепілдік берілген және инвестициялық бөліктердің арақатынасын дербес таңдай алады.
Сату арналарын дамыту шеңберінде сақтандыру делдалдары қызметінің ашық болуын арттыру көзделген. Атап айтқанда, Агенттік Басқармасының 30 қазандағы қаулысымен шарттарда және сақтандыру полистерінде сақтандыру агенттерінің комиссиялық сыйақысының мөлшерін міндетті түрде ашып көрсету көзделген. Бұдан басқа, сақтандыру агенттерi мен брокерлерiнiң бiлiктiлiгi мен кәсiби жауапкершiлiгiне қойылатын талаптарды арттыра отырып, олардың мүмкiндiктерiн кеңейту жоспарланып отыр. Сақтандыру жағдайларын және төлемдерді алуды сүйемелдейтін делдалдар үшін, міндетті тіркеуді және клиенттермен жазбаша шарттар жасауды қоса алғанда, жекелеген талаптар белгіленетін болады.
Сақтандыру нарығын цифрландыру жалғасады. Ақпарат алмасу және олардың қызмет ету циклінің барлық кезеңдерінде шарттарды сүйемелдеу үшін платформа ретінде Бірыңғай сақтандыру дерекқорын одан әрі дамыту, сондай-ақ цифрлық сақтандыру маркетплейстерінің мәртебесін заңнамалық түрде бекіту көзделеді. Бұл азаматтарға түрлі сақтандыру ұйымдарының ұсыныстарын салыстыруға және полистерді қолайлы цифрлық форматта сатып алуға мүмкіндік береді.
«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ еншілес ұйымының базасында тәуелсіз Орталық актуарий құру маңызды институционалдық жаңалық болады. Ол актуарлық есеп айырысулардың бірыңғай әдіснамасын қамтамасыз етеді, өлім-жітім кестелерін әзірлейді, міндетті сақтандыру сыныптары бойынша тарифтерді есептейді және қайта қарайды, сондай-ақ сақтандыру тәуекелдеріне және ұйымдардың қаржылық орнықтылығына тәуелсіз бағалау жүргізеді.
Бағдарламаның ең маңызды бастамаларының бірі тұрғын үйді табиғи апаттардан міндетті сақтандыру жүйесін құру болады.
Нұржан Тұрсынханов атап өткендей, Қазақстан аумағының шамамен 75%-ы дүлей зілзалалардың жоғары тәуекелдеріне ұшырайды, ал тұрғынжай қорының тек 3,2%-ы ғана табиғи апаттардан сақтандырумен қамтылған. Қазіргі уақытта ауқымды табиғи зілзалалардан зардап шеккендерге көмек көрсету шығындарының едәуір бөлігі мемлекетке жүктеледі. Жаңа жүйе азаматтарды қолдау үшін қаржы ресурстарын алдын ала қалыптастыруға және бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Бастамаларды іске асыру заңнамалық базаны кешенді түрде жаңартуды талап етеді. Сақтандыру нарығы туралы жаңа заңның жобасы қолданыстағы реттеу жүйесін жаңғыртуды, халықаралық практиканы ескере отырып сақтандыру сыныптары мен түрлерінің құрылымын қайта қарауды және артық реттеушілік талаптарды жоюды көздейді. Заң жобасын жыл соңына дейін Құрылтайға енгізу жоспарлануда.
Сессия соңында реформалардың басты міндеті – сақтандыруды заңнамалық талаптарды орындау ғана емес, азаматтар мен бизнесті қаржылық қорғаудың нақты құралына айналдыру екені атап өтілді. Ол үшін сақтандыру өнімдерінің қолжетімділігін, шарттардың айқындығын, сақтандыру төлемдерінің жеделдігін және тұтынушылардың сақтандыру ұйымдарына деген сенімін қамтамасыз ету қажет.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы