Сақтандыру қызметін реттеу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы 2026 жылғы 30 қазанда «Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының сақтандыру қызметін реттеу мәселелері жөніндегі қаулыларына өзгерістер енгізу туралы» № 156 қаулыны қабылдады.
Қаулы сақтандыру қызметін реттеуді жетілдіру, сақтандыру қызметтерінің ашықтығын арттыру, сақтандыруды қорғаудың жекелеген тетіктерін нақтылау және нормативтік құқықтық актілерді Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіру мақсатында әзірленді.
Негізгі өзгерістердің бірі сақтандыру агенттерінің комиссиялық сыйақысының мөлшерін ашу жөніндегі талапты енгізу болып табылады.
Атап айтқанда, сақтандыру полисінде сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының нақты мөлшерін теңгемен және сақтандыру сыйлықақысының пайызымен міндетті түрде көрсету көзделеді. Бұл тұтынушыларға сақтандыру өнімін рәсімдеуге байланысты шығындар туралы толық ақпарат алуға, оның шарттарын жақсы түсінуге және сақтандыру ұйымы мен сақтандыру қызметін таңдау кезінде неғұрлым негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Қаулы зейнеткерлік аннуитет шарттары бойынша сатып алу сомасын олар мерзімінен бұрын тоқтатылған кезде айқындау тәртібін жетілдіреді. Атап айтқанда, сатып алу сомасын есептеу кезінде шарт бойынша қалыптастырылған инвестициялық кірісті есепке алу көзделеді. Көрсетілген өзгерістер сатып алу сомасын есептеу тетігінің ашықтығын арттыруға және сақтанушылардың мүддесі үшін шарттың қаржылық нәтижелерін неғұрлым толық есепке алуды қамтамасыз етуге бағытталған.
Актуарлық инфрақұрылымды дамыту мақсатында қаулы арқылы «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ өз активтері есебінен құратын заңды тұлғалар жүзеге асыра алатын қызмет түрлерінің тізбесі де кеңейтіледі. Атап айтқанда, осындай заңды тұлғалардың актуарлық қызметті жүзеге асыру мүмкіндігі көзделеді. Бұл сақтандыру өнімдерін әзірлеу және олардың шарттарын айқындау кезінде пайдаланылатын актуарлық есептеулер мен кәсіби сараптаманың сапасын арттыруға мүмкіндік береді, сондай-ақ сақтандыру нарығының орнықты дамуына ықпал ететін болады.
Осымен қатар қаулы арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясына және Қазақстан Республикасының цифрлық кодексіне сәйкес нормативтік құқықтық актілердің терминологиясы өзектендіріледі.
Қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Құжаттың толық мәтінімен Агенттіктің сайтында танысуға болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы